Өткен жылы біз қазақ футболындағы ықпалды ТОП 10 тұлға деп тізім жасадық. 2024-жылдың қорытындысы бойынша соның ішінде болған 4 адам биылғы тізімнен шығып қалды. Олардың орнына жаңа қызметкерлер келіп қосылды. Ендеше фотодан көргендеріңіздей, Аладоп.кз сайтының нұсқасы бойынша ТОП 15 адамды қабыл алыңыздар. Неліктен тап осы азаматтар?
Қайрат Боранбаев – «Қайрат» футбол клубын екінші жыл қатарынан чемпион қылды. Чемпиондар лигасында өнер көрсетіп, ел футболының абыройын асқақтатты. Қазақ футболында барған сайын ықпалы артып келе жатқанын жасырмаймыз. Оның үстіне Қайрат Боранбаевқа ҚФФ президенті Марат Омаров күйеубаласы болып келеді деген әңгіме де бар...
Саян Хамитжанов – жыл сайын үздіктер қатарында жүретіні белгілі. Танымал маман «Астана» футбол клубымен үнемі үздіктер қатарында. Биыл сәл сәттілік жетіспей қалып, күміс жүлдемен шектелді. Оған Томасовтың соққысы кінәлі ме, белгісіз?! Алайда, Саян Жақсыгелдіұлының қазақ футболындағы басты тұлғалардың бірі екенін біз еш айналып өте алмаймыз. Спорт министрінің кеңесшісі қызметіндегі бұл кісі қазақ футболына әжептеуір ықпал ететіні айдан анық.
Асқар Ұранхаев – «Елімай» клубын акционерлікке өткізіп, саяси ұпай жинаған бұл кісі биылғы маусымды 4-орынмен аяқтады. Былай қарасаңыз жүлделі орын емес, алайда Абай облысының командасы осының арқасында енді келесі маусымда Конференция лигасында ойнайды. Екі жыл бұрын қайта құрылған команда үшін бұл өте жақсы көрсеткіш дер едік. Сонымен қатар, «Алтай» командасының Премьер-лигаға жолдама алуына да Асқар Ұранхаевтың тікелей ықпалы болды. Бұл кісінің Қазақстан футбол федерациясына да ықпалы зор екенін бәрі білетін шығар.
Марат Омаров – Қазақстан футбол федерациясының президенті 4-орынға жайғасты. Биылғы жылы коммерцияландыру жұмысын жүргізіп, футболға ірі демеушілер тартты. Негізгі миссиясын Марат Талғатұлы әзірге орындап келе жатыр.
Давид Лория – бестікті қорытындылап тұр. Бұл кісінің ҚФФ Бас хатшысы екендігін әрі «Жеңіс» футбол клубына ықпалды екенін ескерсек, елдегі футбол мәселелерінің біршамасының бел ортасында жүретінін жасырмаймыз. Қазіргі таңда ықпалы бар. Ұлттық құрамалар деңгейінде де біраз адамға сөзі өтеді.
Рохус Шох жайлы сараптама айтқан кезде артында күлімсіреп Тимур Турлов және оның таусылмас көп қаржысы тұрады. Рохус Рохусұлы QJ лига төрағасы және «Шахтер» футбол клубына ықпалы бар. Осы орайда тәжірибиелі маманды біз 6 орынға жайғастырдық.
Қасиетті 7-орынға маңғаз Маңғыстаудың өкілі Ербол Еділов мырза орналасты. Ербол Еділовтің футбол агенттігі бар. Бұл кісі ФК «Каспий» және «Ақтөбе» командаларына ықпал етеді. Облыс әкімдері мен құзырлы органдардың басшыларымен тікелей байланысты. Өзі футболды қатты жақсы көргендіктен, көптеген мәселелерге араласады. Футбол агенттігін ашып, қазақтың біраз жастарын еуропаға апармақшы. Азамат Тұяқбаев пен Аян Байдәулеттің «Боруссия» Мюнхенгладбах скауттарының көзіне түсуіне Ерекеңнің үлесі бар. «Ақтөбе» клубына инвестор тауып беріп отырған да сол. «Yedilov Online» телеграм арнасының өзі 100 мың оқырманы бар үлкен күш екенін мен айтпасам да білесіздер.
8-орындағы Ұлықбек Асанбаевты биыл көп адам жіті тани бастады. Абдуқодыр Хусановтың трансферінен кейін Асанбаевтың абыройы асқақтады. «Ертіс» командасының премьер-лигаға жолдама алуы тікелей Ұлықбек Пахретдинұлының арқасы.
Бақытжан Пазылхайыр қазақ футболының көгіне өрмелеп шығып, ТОП 10 қатарына кіріп кетті. Бұл маман бұрынғы ПФЛК басшысы. Қазіргі қысқа аты «дирекция» деп аталады. Сонымен қатар Бақытжан Пазылхайыр «Қайсар» клубына инвестор тартуға көмектесті. Осы қарқыннан таймаса келесі жылы 9 орынанн жоғары көтеріледі деген ойдамыз.
Талғат Байсуфиновты көбісі бапкер ретінде көруі мүмкін. Бірақ бұл кісі тек бапкер ғана емес. «Ұлытау» клубының басшысы, ұлттық құрама бапкері, Павлодар футболына да ықпалы жүреді. Агенттер мен функционерлер де бұл кісімен санасады. ТОП 10 тізімін Талғат Маруаұлы қорытындылайды.
Ал одан кейінгі бестікті мен жастар жағына беріп отырмын. Бір жылы бағы жанса, бір жылы көрінбей қалатын кісілерге тұрақтылық жетіспей тұр. «Атыраумен» жақсы көрінген Әлішер Әпсалямов биыл «Тобылда» не жұмыс істегені белгісіз. Бірақ, Кан мырзаның шақыртуымен «Қызылжар» басшысы болып тағайындалды. Демек, Әлішер Ерболатұлына біз «Аладоп.кз» атынан аванс берейік деп шештік. Ал Асхат Сейсембектің мықты меннеджер екенін білеміз, алайда бұл кісі футбол деген үлкен салаға енді аяқ басқан жас маман деп қарастырғанымыз дұрыс. Ішкі асхананы жақсы түсініп алса, алдағы уақытта зор көтерілуі мүмкін.
Әлбетте, бұл біздің сайтымыздың нұсқасы. Сіз бұл пікірмен келіспеуіңіз мүмкін. Ол үшін пікір қалдырып, ойыңызды жазуыңызға рұқсат беріледі.