Кешелі бері Қазақстан құрамасының айналасында жаңалық толастамай тұр. Роберт Левандовскиймен жанжалдасып, «аты» шыққан польшалық бапкер Михал Пробежден кейін Дінмұхамед Қашкен жайлы жаңалық желіні жарып жіберді.
Маусымды «Ұлытауда» бастап, «Жетісуда» жалғастырған орталық қорғаушының Қазақстанның кеңейтілген құрамына шақырылуы әсіресе жанкүйерлер тарапынан ерекше қарсылыққа тап болды. Көпшілік 25 жастағы футболшының деңгей-дәрежесін сынға алып, құрамаға уақытша бас бапкер болған Талғат Байсуфиновтың таңдауына ашық наразылығын жеткізді. Төменде желі қолданушыларының бірнеше жазбасын келтіре кетейік:
«Таң атпастан ауыр кетті мынау...»
«Ақшаң болса қалтаңда, сборныйға барып талтаңда»
«Міне Қазақ бапкер керек дейсіңдер. Қазақ бапкерлер осындай ағаштарды шақырады құрама!!»
«Мүлдем жүгірмейді ғой. Осы командаларда 80% гол осы защитник жүгірмеген соң кірген ғой... Таныс-тамырдың балаларын тығуды қойсаңдарш б***»
«Байсуфинов Исламхандардың кезінде 10 мың доллар сұрайтын еді за вызов, әлі өзгермепті, 1-2 ойын бас бапкер болады поляк келгенше, ақша істеп алайын деп жатқанғо»
«Не масқара мынау?»
«Қазақ тренерді қойсан осы енді Ағайын-туысқандарын тыға береді! Ағайын туыстын бәрі Коллега деп».
Дінмұхамед Қашкен «Атлетико» Мадрид академиясында ойнап, «Монакода» қаралымда болған. ҚПЛ-де «Қайсар», «Ақтөбе» мен «Шахтер» жейдесінде доп тепті. Ал 2022-жылы танымал қазақстандық маман Владимир Чебуриннің «Жальгирисінде» өнер көрсеткен. Сондай-ақ, Қазақстан жастар құрамасының қатарында 13 ойында бой көрсетті.
Айта кетейік, Қазақстан ӘЧ-2026 іріктеуі аясында екі кездесу өткізбек – 10-қазанда Лихтенштейнді қабылдап, 13-де сырт алаңда Солтүстік Македониямен жолығады.