Қазақстан Премьер-Лигасының 23 турынан кейін айқын үштік анықталды.
Бірінші орында «Қайрат» тұр. Оның еншісінде 52 ұпай бар. Екінші орында 50 ұпаймен «Астана» жайғасқан. Үштікті 47 ұпай жинаған «Тобыл» түйіндеп тұр. Айта кетейік, үшінші орын мен төртінші орын арасындағы айырмашылық едәуір. Қостанайлықтар төртінші орындағы «Ақтөбе» мен «Елімайдан» 8 ұпайға озып кеткен. Енді Қазақстан чемпионатының бітуіне небәрі 3 тур ғана қалды. Егер осы демалыста «Тобыл» жеңіске жетсе, 3 жылдан кейін қайта қола жүлдеге қол жеткізбек.
Көшбасшы үштіктің алдағы ойындарына тоқталсақ. «Қайрат» 5 қазанда «Жетісумен» кездеседі (матч алматылық клубтың Чемпиондар лигасына қатысуына байланысты кейінге шегерілген). Ал «Астана» мен «Тобыл» өз ойындарын 28 қыркүйекте өткізеді. Елордалық «Оқжетпеске» қонаққа барса, қостанайлықтар «Қайсарды» қабылдайды.