Қазақстан Премьер лигасының трансферлік құны соңғы онжылдықта болмаған деңгейге дейін төмендеді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Биылғы маусымның қорытындысы отандық клубтардың бағасы айтарлықтай арзандағанын көрсетіп отыр.
Аяқталған чемпионатқа барлығы 357 футболшы қатысты. Олардың жалпы трансферлік құны €82,9 миллионды құрады. Бұл – 2016 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш.
Салыстырмалы түрде қарасақ:
• 2021 жыл (ең жоғарғы көрсеткіш): €204,7 млн
• Соңғы 10 жылдағы орташа баға: €100 млн-нан жоғары
• Қазіргі жағдай: €82,9 млн
Бұл құлдырау лиганың тартымдылығы мен легионерлер сапасының өзгергенін, сондай-ақ клубтардың бюджетті үнемдеу саясатына көшкенін аңғартуы мүмкін.
Еліміздің ең титулды клубы саналатын "Астана" командасы да бұл тенденциядан тыс қалмады.
2022 жылы Елордалық ұжым €37,1 млн құнымен тарихтағы ең қымбат клуб атанған еді. Ал биыл команда құрамының бағасы €11,7 млн-ға дейін түскен.
Еуропадағы (УЕФА) трансферлік құн бойынша көшбасшылар өзгеріссіз қалды. Үлкен бестік лигалары миллиардтаған еуромен өлшенеді (Англия көш басында – €12,5 млрд). Қазақстан чемпионаты Еуропаның кәсіби лигалар рейтингінде 30-шы орынға тұрақтады.
ТМД елдері арасында Қазақстан бесінші орынға сырғыды. Әзірбайжан мен Өзбекстан лигалары біздің біріншіліктен басып озды. Көшбасында Ресей және Украин лигалары.