Қазақстан футболының жаңа дәуірін қалыптастырған жоба – 15 жылда алпауытқа айналған “Астананың” тарихы

Бүгін, 15:17

“Астана” — Қазақстан футболының ең жас, бірақ ең тез табысқа жеткен клубтарының бірі. Клубтың ресми тарихы 2009 жылдан басталады.

Қазақстан футболының жаңа дәуірін қалыптастырған жоба – 15 жылда алпауытқа айналған “Астананың” тарихы

УЕФА дерегіне сүйенсек, клубтың түп-тамыры 2008–2009 жылғы қыста Алматының екі командасы — “Алма-Ата” мен “Мегаспорт” бірігуінен басталып, жаңа жоба елордаға көшіріліп, әуелде “Локомотив Астана” атауымен жолға шыққан. Кейін клуб қазіргі “Астана” атауын алды. Сол кезден бастап клубқа Қазақстан чемпионатында ғана емес, Еуропада да қаланың намысын қорғау міндеті жүктелді.  

Клубтың алғашқы жылдары өте амбициялы өтті. 2009 жылғы дебюттік маусымда-ақ команда құрамына Ресей құрамасының бұрынғы ойыншылары Андрей Тихонов пен Егор Титов, сондай-ақ Максим Шацких шақырылды, ал бапкерлікке Сергей Юран келді. Бірінші маусымының өзінде ұжым Қазақстан чемпионатында күміс жүлде алды. Бірақ УФЕА талаптарына сәйкес клуб Еурокубоктарға бірден қатыса алмады. Клуб Еуропадағы дебютін 2013 маусымына дейін шегеруге мәжбүр болды.

Алғашқы ірі олжа көп күттірген жоқ. 2010 жылы “Астана” Қазақстан Кубогын жеңіп алып, клуб тарихындағы алғашқы трофейін иеленді. 2011 жылы Қазақстан Суперкубогын ұтты. 2012 жылы екінші рет Қазақстан Кубогын алды. Ал 2013 маусымында команда Қазақстан чемпионатында тағы да күміс жүлдегер атанып, ақыры Еурокубоктағы алғашқы ойынын өткізді. Бұл кезең клубтың іргетасы қаланып, үлкен серпіліске дайындалған шағы болды.  

“Астананың” шын мәніндегі алтын дәуірі 2014 жылдан басталды. Сол жылы тізгінді Болгар маманы Станимир Стойлов ұстап, клуб жаңа деңгейге көтерілді. 

“Астана” Еуропа лигасының іріктеуінде “Пюник”, “Маккаби” және “АИК” секілді қарсыластардан өтіп, плей-офф кезеңіне дейін жетті, ал ел чемпионатында өз тарихындағы тұңғыш алтын медалін жеңіп алды. Дәл осы маусым клубтың Қазақстан футболындағы жаңа флагманға айналғанын көрсетті.  

2015 жыл — клуб тарихындағы ең даңқты белестердің бірі. “Астана” маусымды Суперкубокпен бастап, кейін Чемпиондар лигасының іріктеуінде “Марибор”, “ХИК” және “Апоэл”-ды жеңіп, Қазақстан тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан клубатанды. Топта “Атлетико Мадрид”, “Бенфика” және “Галатасараймен” ойнап, олардан ұпай да алып үлгерді. Сол жылдың соңында клуб қатарынан екінші рет Қазақстан чемпионы болды. Бұл жетістік “Астананы” тек ел ішінде емес, бүкіл Еуропаға танытты.  

2016 маусымы да табысты жалғасты. “Астана” үшінші рет Қазақстан чемпионы атанды, Еуропа лигасының топтық кезеңіне шықты және Қазақстан Кубогын жеңіп алды. Ең маңызды тарихи сәттердің бірі — “Апоэл”-ды 2:1 есебімен жеңіп, Қазақстан клубтары арасында Еурокубок топтық кезеңіндегі алғашқы жеңіске қол жеткізуі болды. Бұл клубтың халықаралық аренадағы тәжірибесі кездейсоқ емес екенін дәлелдеді.  

2017 жылы “Астана” тағы да тарих жасады. Команда Еуропа лигасының топтық кезеңінен шығып, плей-оффтың 1/16 финалына дейін жетті. Бұл жолда олар Чехиялық “Славия” мен Израильдік “Маккабиден” озып шыққан болатын. Сол маусымда клуб төртінші рет ел чемпионы атанды. 2018 жылы да чемпиондықты сақтап, Еуропа лигасының топтық кезеңіне қайта өтті. 2019 жылы “Астана” алты жыл қатарынан чемпион атанып, Қазақстан футболындағы үстемдігін бекітті, сол жылы Еуропа лигасының тобында “Манчестер Юнайтедті” өз алаңында 2:1 есебімен жеңуі клуб тарихындағы ең есте қаларлық жеңістердің біріне айналды.  

2020-жылдары клубтың нәтижелері біршама құбылмалы болғанымен, “Астана” Қазақстан футболындағы жетекші орындарын сақтап қалды. 2022 жылы 7 дүркін Қазақстан чемпионымәртебесіне жетті. 2023 жылы клуб алтыншы Суперкубогын иеленді. Сол жылы “Астана” Еуропа конференция лигасының топтық кезеңіне шығып, C тобында “Динамо Загреб”, “Виктория Пльзень” және “Балканимен” ойнады. Бұл — клубтың Eурокубоктағы тұрақты тәжірибесі әлі де жалғасып келе жатқанын аңғартатын көрсеткіш.  

“Астананың” дамуы тек негізгі командамен шектелген жоқ. Клубтың футбол орталығы 2012 жылы ашылған. Ресми мәлімет бойынша, бүгінде оның жүйесінде 9 бен 18 жас аралығындағы 350-ден астам ұл мен қыз тегін жаттығады. Сондай-ақ клуб академиясының командалары UEFA Youth League турниріне үш рет қатысқан. Бұл “Астананың” қысқа тарихында тек дайын футболшыларға сүйенбей, өз жүйесін қалыптастыруға да көңіл бөлгенін көрсетеді.  

Клубтың өз алаңы — “Астана Арена”. 30 000 көрерменге арналғаны және көлемі 10 000 шаршы метр болатын жылжымалы шатыры бар әлемдегі санаулы стадиондардың бірі. Мұндай инфрақұрылым “Астананың” ел ішіндегі ғана емес, халықаралық матчтарды да жоғары деңгейде өткізуіне жағдай жасап отыр.

7 дүркін Қазақстан чемпионы, 3 дүркін Қазақстан Кубогының иегері және 6 дүркін Қазақстан Суперкубогының жеңімпазы. Яғни “Астана” небәрі 2009 жылдан бері өмір сүрсе де, қысқа уақыт ішінде ел футболының жаңа дәуірін айқындаған, Еуропада Қазақстан атын танытқан, ішкі біріншілікте ұзақ уақыт үстемдік құрған ерекше жобаға айналды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×