Қазақстан ұлттық құрамасы Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) жаңа рейтингінде үш сатыға көтеріліп, 115-орынға тұрақтады. Бұл туралы Football-ranking.com сайты хабарлады.
Мұндай көрсеткішке футболшылар қазан айындағы іріктеу ойындарындағы нәтижелі ойынының арқасында қол жеткізді.
Астанада өткен матчта Қазақстандықтар Лихтенштейнді 4:0 есебімен ойсырата жеңсе, одан кейін сырт алаңда Солтүстік Македониямен сенсациялық 1:1 есебімен тең түсті.
ФИФА рейтингінің көшбасында Испания құрамасы тұр. Екінші орында — Аргентина, ал үздік үштікті Франция түйіндеді. Ресми жаңартылған рейтинг 23 қазанда жарияланбақ.
Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Қазақстан жеті ұпаймен өз тобының төртінші сатысында келеді. Бірінші орында — 14 ұпай жинаған Бельгия, екінші — 13 ұпайы бар Солтүстік Македония, ал үшінші орында 10 ұпаймен Уэльс орналасқан.
Қазақстан құрамасы үшін іріктеу цикліндегі соңғы матчын 15 қараша күні Астанада Бельгияға қарсы өткізеді.