
Қазақстан құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы Әли Әлиев Асхат Тағыбергенге байланысты дау-дамайға қатысты өз ойын білдірді.
«Тағыбергеннің жалақысына байланысты сын дейсіз бе? Бұған араласқым келмейді. Бүгін біз Қазақстанның туын халықаралық аренада көтереміз. Ал байрағымызды мұндай дәрежеде барлығынан жоғары деңгейде көтеру бүкіл ақшадан да қымбат, құнды. Асхат Данияның қақпасына гол соққан кезде, ешкім оның жалақысы жайлы жақ ашқан жоқ қой, барлығымыз Қазақстанның туы Даниядан жоғары тұр деп қана қуандық.
Асхатқа байланысты ешқандай күмәнім жоқ, ұлттық командаға көп көмегін тигезері анық. Оның айналасына Кенжебек, Самородов, Сатпаев пен Чесноковтай жастардың топталып, бой түзеп жүргенін көрдім», - деді Ә. Әлиев.
Естеріңізде болса, осыған дейін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Асхат Тағыбергеннің «Ордабасыдағы» жалақысын жария етіп, командаға пайдасыз екендігін айтқан.
Асхат Тағыберген Қазақстан құрамасының сапында 59 матчта өнер көрсетіп, 2 голдың авторы атанды. Жартылай қорғаушы мен шымкенттік клубтың келісімшарты биылғы жылдың аяғына дейін жарамды. 34-жастағы ойыншының нарықтық бағасы 750 мың еуро.
Біздің серіктес: FONBET