Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов өзінің штабына шетелдік маманды шақырудан бас тартты.
Қазақстандық жаттықтырушы отандық мамандарға арқа сүйегенді жөн көріп отыр.
Естеріңізде болса ҚФФ-ның техникалық директоры, ұлты молдовалық Геннадий Скуртул өзінің отандасы Дмитрий Васильевті ұлттық құрамаға аналитик-бапкер қызметіне шақыруды ұсынған болатын. Бұл жаңалық отандық БАҚ пен әлеуметтік желілерде біршама резонанс тудырып, біраз талқыға түскен еді. Осы жағдайға байланысты Талғат Байсуфинов ұлттық құрамаға молдовалық маманды шақырудан бас тартуды жөн көрді. Талғат Маруалы аналитик-бапкер қызметіне отандық мамандардың бірін лайық көріп отырған ұқсайды. Әзірге ол қызметке кімнің тағайындалатыны жөнінде ешқандай ақпарат жоқ. Ұлттық құрама бапкерлері мәселені ҚФФ-мен келісе отырып шешетіні анық.
Айта кетейік қазір бапкерлік штаб құрамында Иван Азовский, Марат Еслямов және Елдос Ахметов жұмыс істейді. Қақпашыларды дайындайтын Юрий Новиков пен физикалық дайындыққа жауапты Мұхтар Еримбетов бар. Бұлардың барлығы жергілікті мамандар.