Қазақстан құрамасының бұрынғы шабуылшысы Уэльске қарсы кездесу туралы: гол салатын мүмкіндіктерді мүлт жібермеу керек, ал ондай мүмкіндіктердің болатыны сөзсіз

19.03.2025, 20:50

Қазақстан құрамасының бұрынғы шабуылшысы Алексей Щеткин Sportnews.kz-ке берген сұқбатында ұлттық команданың Уэльспен болатын кездесуі жайлы айтып, пікірімен бөлісті.

Қазақстан құрамасының бұрынғы шабуылшысы Уэльске қарсы кездесу туралы: гол салатын мүмкіндіктерді мүлт жібермеу керек, ал ондай мүмкіндіктердің болатыны сөзсіз
Айбар Жақсылықов

«Ашығын айтқанда, бұл ойында мүмкіндік соншалықты көп емес, десе де ұпай алып қайтуға болатыны анық. Жарақат алған ойыншылардың барын білемін, әсіресе Бахтиер Зайнутдиновтың орны ойсырап қалғалы тұр. Әйтсе де, құрама сапында жас, амбициялы ойыншылар да бар. Олар өздерін көрсетуге ниеті. Міне, сондай жастардың қорғаныстан жылдам шабуылға шығып кете алатын әлеуеті жеткілікті. Тек гол салатын мүмкіндіктерді мүлт жібермеу керек, ал ондай мүмкіндіктердің болатыны сөзсіз. 

Бұл Әли Ханәліұлының Қазақстан құрамасының бас бапкері ретіндегі алғашқы ойыны. Сондықтан да ол өзін жақсы қырынан көрсетуге тырысады, ойыншылар да отандық маманды қолдау үшін барын салады деп ойлаймын», - деді А. Щеткин. 

Айта кетейік, ұлттық құрама ӘЧ-2026 іріктеуінде J тобында Бельгия, Уэльс, Солтүстік Македония және Лихтенштейнмен шеберлік байқаспақ. Алғашқы екі турда Қазақстан Лихтенштейн және Уэльске қарсы кездесу өткізеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×