Қазақстан Кубогінің финалы концерттің көлеңкесінде қалды ма?

15.08.2024, 16:27

Қазақстан Кубогінің 29-қыркүйекте Алматы қаласында жоспарланған «Атырау» - «Ақтөбе» матчы болмайтын болды. Оның орнына сол күні футболсүйер қауым концерттік бағдарламаны тамашаламақ.

Қазақстан Кубогінің финалы концерттің көлеңкесінде қалды ма?
Алматының Орталық стадионы

Бізге келіп жеткен ақпарат бойынша, бұндай шешімге ненің түрткі болып отырғаны және Алматының Орталық стадионында қандай концерттің өтетіні жайлы еш ақпарат жоқ. Дегенмен, алдын-ала жоспарланғандай, қыркүйектің соңғы күндеріне белгіленген «батыс дербиінің» Алматыда өтпейтіні анық.

Айта кетейік, «Астана Арена» спорт кешені белгілі себептермен футбол мачтарын қабылдай алмағандықтан, бірсыпыра кездесу Алматының Орталық стадионында өткізілуде. Биылғы Кубок жолындағы шешуші ойынның орны ретінде де осы спорт кешені таңдалғаны мәлім. Алайда, футболдан тыс себептердің салдарынан енді жанкүйерлер бұл бәсекені басқа жерден көретін болып отыр. Сондай-ақ, қыркүйекте Ұлттар Лигасы аясындағы жорығын бастайтын құрама командамыздың өз алаңындағы матчтарын Алматы қаласында өткізетіні де белгілі. Бірақ осындай жағдайдан кейін шаһар басшылығы футболды ысырып қойып тағы басқа мәдени шараларға басымдық бермей ме деген ой мазалайды. Жасыратыны жоқ, Қазақстан Кубогінің финалы секілді дәрежелі доданың ең маңызды кездесуінің көлеңкеде қалуынан секем алып қалдық.

Естеріңізде болса, «Атырау» биылғы Кубоктік турнирдің жартылай финалында қостанайдың «Тобылын» тобықтан қақса, Дмитрий Парфеновтың командасы «Елімайды» қапы қалдырған. Көзі қарақты оқырман, енді 29-қыркүйекке жоспарланған финалдық ойынның қайда өтетіні жайлы ақпаратты өздеріңізге алдын-ала жариялайтын боламыз.       

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 4
Ұнамайды 0
Күлкілі 2
Масқара 1
Серіктес жаңалықтары
×