Қазақстан Суперкубогі: алдағы демалыста трофейдің төрт дүркін иегері анықталады. Сәтпаевсыз «Қайрат» Чесноков «синдромына» шалдыққан «Тобылды» тобықтан қаға ма?

26.02.2026, 14:11

Алдағы сенбіде Қазақстанда футбол маусымы ресми түрде басталады.

Қазақстан Суперкубогі: алдағы демалыста трофейдің төрт дүркін иегері анықталады. Сәтпаевсыз «Қайрат» Чесноков «синдромына» шалдыққан «Тобылды» тобықтан қаға ма?
"Тобыл" футболшылары Суперкубоктегі жеңістерін тойлауда

Шымылдық ашар матчта «Қайрат» пен «Тобыл» Суперкубок үшін таласпақшы. «Қайрат» былтырғы премьер-лига жеңімпазы. «Тобыл» ел кубогінің иегері. Сонымен, кім мықты?!

Ең алдымен алматылық клуб пен «Тобылдың» трофейді еншілеу жөнінен тепе-тең тұрғанынан бастайық. Командалар Суперкубокті үш-үш реттен олжалаған. Аталған трофей жолындағы соңғы екі турнир де «Қайрат» пен «Тобылдың» триумфымен аяқталды – 2024-те қостанайлықтар, былтыр Рафаэль Уразбахтиннің командасы жеңіске жеткен. Демек, сенбіде Кубокті басына көтеретін команда қарсыласынан осы көрсеткіш бойынша да озғалы тұр. Ал жалпы Қазақстан Суперкубогі жолында жеке дара көш бастап тұрған «Астана» (6). 28-ақпанда «Астана Аренада» жеңіске жеткен клуб екінші орынға шығады. Суперкубокті 3 рет олжалаған «Қайрат» пен «Тобылдан» бөлек тағы «Ақтөбе» бар.

Осындай маңызға ие матч алдындағы командалардың дайындығы қандай?

Қос клуб та Түркия жеріндегі оқу-жаттығу жиындарын өткізіп келді. Бақылау, жолдастық кездесулеріне қатысып, күштерін бір бағамдап қайтқаны анық. Алматылықтардың соңғы 3 матчтағы нәтижесі  - 2 жеңіс пен 1 жеңіліс. Ресейлік «Пари-НН» клубымен екі рет ойнап бір рет ұтып, бір рет есе жіберді (1:0, 3:4). «Оренбургті» 1:0-мен жеңді. ЧЛ-да «Арсенал» мен «Брюггеге» қарсы екі ойынды да осы қатарға қосуға болады. Ал қостанайлықтар 2026-да ресми кездесулер өткізген жоқ. ОЖЖ-да биыл 4 рет шеберлік байқасты. Сербияның «Напредак» клубымен тең тарқасса 0:0, болгариялық «Славия» Софья командасын 1:0-мен жеңген. Қостанайлықтар да соңғы ойындарын ресейлік қарсыластарына қарсы өткізді: «Пари НН» - «Тобыл» 2:1, «Ахмат» - «Тобыл» 1:2.

Командалардың жолдастық ойындардағы нәтижелері міне осындай. Өзара кездесулерде айтарлықтай басымдық ешімде жоқ. Былтырғы ҚПЛ-дегі екі кездесудің екеуі де  алматылықтардың жеңісімен аяқталды демесеңіздер - 2:1, 1:3 жалпы, қос ұжым арасындағы 56 матчта 22 рет «Қайрат», 21 матчта «Тобыл» басым түсіпті. Тағы 13 кездесуде тең нәтиже тіркелген. Ал енді осы жолғы ойын қалай аяқталады?

Жаңа маусым алдында қос клуб сапында да кадрлық өзгерістер болды. Бұл, әсіресе «Қайратқа» қатысты. Алматылықтар сапынан бірнеше негізгі орындаушы кетіп қалған болатын – Валерий Громыко, Офри Арад, Егор Сорокин, Георгий Зариа. Беларусь және израильдік жартылай қорғаушы мен ресейлік орталық қорғаушы Егор Сорокинсіз оңай болмайын деп тұрғаны түсінікті. Әсіресе, маусымның бастапқы кезеңінде аталған жігіттердің жоқтығы қатты білініп қалуы мүмкін. Не дегенмен бұл футболшылар былтыр «Қайрат» сапындағы барлық матчқа қатысып шықты. Георгий Зариа жарақатына байланысты негізгі құрамнан түсіп қалса да, қажетті кезінде команданы күшейте алатын сапалы футболшының бірі болатын. Бұл футболшылар әсіресе Чемпиондар Лигасындағы табысты маусымда көп көмегін тигізді. ҚПЛ-дағы қатарынан екінші чемпиондықта да үлестері  зор. «Қайрат» әзірге 4 футболшыны алды - орталық қорғаушы Лукас Африко, жартылай қорғаушы Яакко Оксанен, оң қапталдың вингері Себастьян Себальос пен сол қапталға жауапты Ойва Юккола. Финляндиялық «Ильвестен» келген осы Ойва Юккола әзірге ҚПЛ-дегі ең қымбат трансфер болып тұр – 250 мың еуро (145 млн теңге). Әйтсе де баға мен сапаның сәйкес келе бермейтіні бар. Жаңа ойыншылар кеткендердің орнын толтыра ала ма? Үлкен сұрақ. Одан кейін әрине, Дастан Сәтпаевтың ойнай алмайтыны да «Қайраттың» мүмкіндігін айтарлықтай азайта түседі. Осы жазда «Челси» сапына ресми қосылатын шабуылшы «Астана Аренадағы» кездесуді тек жанкүйер ретінде тамашалайды. Дастан былтырдан қалған жарақаттарын емдеп жатыр.

«Тобылда» сөзсіз, Ислам Чесноковтың орны ойсырап тұр. Шотландия чемпионатында бірінші голын салып үлгерген вингер қостанайлықтарға сенбіде өте-мөте қажет болатын еді. Осы мақсатта қостанайлық клуб басшылығы бірнеше трансфер жасады. Шабуыл шебінде Сербия жастар құрамасы мен испаниялық «Спортинг», «Леванте» жейдесінде ойнап келген Урош Милованович, венесуэлалық шабуылшы, қос қапталда да ойнай беретін Луис Герраны айтуға болады. Сондай-ақ, былтырғы премьер-лиганың ұздік сұрмергендерінің бірі Дәурен Жұматты да осы қатарға жатқызу керек. Тараз футболының түлегіне премьер-лиганың біраз мықтысы таласқан. Алайда, жартылай қорғаушының таңдауы «Тобылға» түсті.

Асхат Тағыберген, «Тобылдың» жартылай қорғаушысы

«Жаңа ойыншыларымызға келсек, әрине, оларға мен баға бермеуім керек. Бейімделу жағынан оларда ешқандай мәселе жоқ – футболдың тілі біреу. Олар біздің ұжымда өздерін жақсы сезініп жүр. Алдағы уақытта да олардың үйренісіп кетуіне көмектесеміз».

 

Сарапшылардың жеңімпазға байланысты болжамдары әр-алуан. Бірі басымдықты «Қайратқа» берсе, енді бірі мүмкіндік тең дейді. Командалардың дәл қазіргі ойын ырғағы  тұрғысынан қарағанда «Қайратта» сәл басымдық болуы ықтимал. Рафаэль Уразбахтиннің шәкірттері жыл басында ресми екі ойын өткізді. Ал «Тобыл» тек жолдастық матчтарда өнер көрсетіп келеді. Осы жағынан алматылықтардың жағында кішкентай болса да үстемдік болуы мүмкін.

Болат Есмағамбетов, бапкер:

 «Чемпион мен Кубок иегері ойнаған кезде, сөзсіз, фаворит – чемпион болады. Алайда, бұл бір-ақ матчтан тұратын теке-тірес. Суперкубокты кім жақсы дайындалып, кім дұрыс тактика таңдайды, сол ұтады. Алматылық клуб та, «Тобыл» да күшейіп жатыр. Қалай дегенде де, тартысты ойын болатыны анық. Жеке менің болжамым – кездесу тең аяқталып, жеңімпаз пенальтиден анықталатын сиғяқты. Пайызбен айтқанда 55-те 45 «Қайраттың» пайдасында деп есептеймін. Ал жалпы иә, Суперкубок өз бір трофей және маусым ашар маңызға ие. Позитивке толы болса деген тілек бар».

Қазақстан Суперкубогі сарапқа салынатын ойын ақпанның 28-де болады. Матч «Астана Арена» алаңында, сағат 17:00-де басталады.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×