Қыркүйек айының басында ғана ұлттық құрамадан кететіндігін мәлімдеген Әли Әлиевтің орнына өзге маман табылды.
Қазақстан футбол федерациясы өз парақшасында жазба жариялады:
"Талғат Байсуфинов – Қазақстан құрамасының бас бапкері міндетін уақытша атқарушы.
Белгілі отандық маман Талғат Байсуфинов футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері міндетін уақытша атқаратын болып бекітілді.
Талғат Маруаұлы ұлттық құраманы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында өтетін Лихтенштейн (10 қазан) және Солтүстік Македониямен (13 қазан) болатын ойындарға дайындайды.
Байсуфинов бұған дейін 2016-2017 және 2020-2022 жылдары ұлттық құраманы екі мәрте басқарған болатын. Ал қазіргі таңда Қазақстан жастар құрамасы (U21) бапкерлерінің менторы қызметін атқарады.
ҚФФ Талғат Маруаұлының тәжірибесіне сенім артып, алдағы ойындарда сәттілік тілейді. Сонымен қатар, ҚФФ ұлттық құраманың жаңа бас бапкерін қызметіне үміткерлермен келіссөзді жүргізіп жатыр. Тізімде үш шетелдік маман бар”, – делінген хабарламада.