Премьер министр Олжас Бектенов Туризм және спорт министрлігіне футбол клубтарын жекешелендіру жөнінде нақты жоспар әзірлеуді тапсырды.
Ресми ақпаратқа сәйкес, министрлік аймақтармен бірлесіп, 2025 жылдың 1 қазанына дейін футбол клубтарын жекешелендірудің жоспар-кестесін дайындауы тиіс.
Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауында айтылған ойлармен үндес. Президент өз сөзінде кәсіби спортты тек әлеуметтік құбылыс ретінде ғана емес, сонымен қатар табысты бизнес-өндіріс ретінде қарастыру қажеттігін атап өткен болатын. Әлемнің көптеген елдерінде спорт индустриясы қомақты кіріс әкеліп, экономиканың маңызды бөлігіне айналған.
Жекешелендіру жоспары жүзеге асса, Қазақстандық футбол клубтарының қаржылық тәуелсіздігі артып, инвестиция тарту мүмкіндігі кеңеймек. Бұл өз кезегінде ел футболының дамуында жаңа кезеңнің басталуына жол ашуы ықтимал.