Семейлік "Елімайдың" намысын қорғаған, қазіргі таңда Өзбекстанның "Андижан" клубында өнер көрсетіп жүрген Сербиялық қорғаушы Неманья Чаласан екі елдің чемпионатының деңгейін салыстырды. Легионер Қазақстан Премьер лигасы мен Өзбекстан біріншілігінің арасындағы жер мен көктей айырмашылықты жасырмай, отандық футболдың кемшіліктерін бетке басты, деп хабарлайды Aladop.kz.
Неманья Чаласанның пайымдауында, Қазақстан чемпионатында қаржының көптігі мен лимиттің жеңілдігінен легионерлер деңгейі жоғары болғанымен, жергілікті футболшылардың шеберлігі Өзбекстандықтардан көш кейін қалып қойған.
“Егер жергілікті футболшылар туралы айтатын болсақ, меніңше, Өзбек ойыншылары дәл қазіргі уақытта Қазақстандықтарға қарағанда әлдеқайда жақсы дайындалған. Өзбекстанның футбол мектебі қазіргі таңда мықтырақ. Онда алаңда доппен жұмыс істей алатын, ойлана білетін, дұрыс шешім қабылдайтын футболшылар өте көп. Тұтастай алғанда, Өзбекстанда футболдың сапасы жоғарырақ сияқты. Мұнда нағыз ойын бар. Ал Қазақстанда — тек қана күрес, төбелес пен тартыс көп.”
Серб қорғаушысы Қазақстандағы футбол сапасының төмен болуына инфрақұрылым мен табиғат жағдайының да тікелей әсер ететінін алға тартты. Оның айтуынша, Өзбекстандағы климат пен көгалдар деңгейі Еуропалық стандарттарға жақын.
“Өзбекстанда жыл бойы футбол ойнауға болады. Иә, жазда ыстық болады, бірақ мұнда алаңдар өте жақсы, жағдай лайықты жасалған. Бұл командалардың допты бақылап, сауатты ойнауына көмектеседі.” — деп түсіндірді Чаласан.
Чаласанның ойынша, егер Өзбекстан Азия футбол конфедерациясында емес, Қазақстан сияқты УЕФА жүйесінде өнер көрсеткенде, олардың клубтары Еурокубоктарда ешкімге есе жібермес еді.
“Егер Өзбек клубтары Еурокубоктарда ойнаса, олар бәсекеге қабілетті болар ма еді? Иә, меніңше, олардың әлеуеті толық жетеді. Әрине, Еурокубоктар — мүлдем басқа деңгей, бірақ "Андижан", "Пахтакор", "Нефтчи" сияқты ұжымдар ол жақта өте лайықты өнер көрсете алар еді. Өйткені бұл елдің футболында нағыз сапа бар.” — деп түйіндеді сөзін "Елімайдың” бұрынғы қорғаушысы.