Қырғызстан футбол тарихындағы ең табысты ұжым — Бішкектік "Дордой" Қазақстандық қорғаушы Арыстан Қуановпен ынтымақтастықты жалғастыруды жөн көрді, деп хабарлайды Aladop.kz.
25 жастағы отандасымыз клубпен келісімшартын тағы бір маусымға ұзартты.
Арыстан Қуанов "Дордой” сапына биылғы жылдың шілде айында қосылған болатын. Қысқа уақыт ішінде негізгі құрамға бейімделіп үлгерген қорғаушы өткен маусымда барлық турнирлерде 10 кездесу өткізіп, 1 гол соқты. Бұл көрсеткіш клуб басшылығының сенімін ақтауға жеткілікті болды.
Қазақстандық футболшы мансабында отандық бірнеше клубта бақ сынаған:
Елордалық "SD Family" және "СДЮСШОР-8”, Павлодар облысының "Екібастұз" клубы, Өскемендік "Алтай-М”.
Арыстан өнер көрсетіп жатқан ұжым көршілес елдегі ең беделді клуб болып саналады.
"Дордойдың” жетістіктері таңғалдырмай қоймайды:
• 13 дүркін Қырғызстан чемпионы
• 10 мәрте ел Кубогының иегері
• 6 рет Суперкубокты жеңіп алған
Айта кетейік, өткен маусымда "Дордой" ел чемпионатында төртінші орынға табан тіреді. Чемпион атанған Қарақолдың "Барс” клубынан бар-жоғы 7 ұпайға қалып қойған Бішкектіктер жаңа маусымда алтын жүлдеге басты үміткерлердің бірі болмақ.