Transfermarkt порталы Қазақстандық футболшылардың нарықтағы трансферлік құнын ресми түрде жаңартты, деп хабарлайды Aladop.kz.
Кезекті бағалау қорытындысы бойынша Дастан Сәтпаевтың бағасы тағы да өссе, "Астана" жұлдызы Мақсат Абраев елдегі ең жылдам қымбаттаған ойыншы атанды.
Дастан Сәтпаевтың бағасы тоқтаусыз өсіп келеді. Лондондық "Челсиге" қосылуға дайындалып жатқан шабуылшының трансферлік құны 3,5 миллион еуроға жетті. Айта кетейік, ол өткен жылдың қараша айынан бері Қазақстандық ең қымбат футболшылардың көшін сенімді түрде бастап тұр.
Бірақ, Қазақстандық футболшылар арасындағы ең жоғарғы баға рекорды әлі де Бахтиер Зайнутдиновтың еншісінде. 2023 жылдың қыркүйегінде, Түріктің "Бешикташ" клубында ойнап жүрген кезінде Тараз футболының түлегі 6,5 миллион еуроға бағаланған болатын. Дәл қазіргі уақытта Ресей біріншілігінде доп тебетін Бахтиердің нарықтық бағасы 2,5 миллион еуроны құрап отыр.
Бұл жаңартудың ең басты сенсациясы — елордалық "Астананың" 18 жасар жартылай қорғаушысы Мақсат Абраев болды. Оның трансферлік құны бірден 800 мың еуроға өсіп, 200 мың еуродан 1 миллион еуроға бір-ақ секірді.