Словакия чемпионатының 16-турында Қазақстандық футболшы Шахмурза Адырбеков өнер көрсететін "Тренчин" командасы өз алаңында ауыр жеңіліске ұшырады, деп хабарлайды Aladop.kz.
Тренчин қаласында өткен матчта алаң иелері "Дунайска Стреда” клубынан 0:3 есебімен тізе бүкті.
Қонақ команда сапынан Ра Корр, Самсиндин Оуро, Аммар Рамадан “Тренчин” қақпасын дәл көздеді.
19 жастағы Қазақстандық жартылай қорғаушы Шахмурза Адырбеков бұл матчта негізгі құрамда алаңға шықты. Алайда алғашқы таймнан кейін орнын басқа ойыншыға босатты.
Адырбеков биылғы маусымда төрт матчқа қатысып үлгерді. Әзірге ол гол немесе нәтижелі паспен көзге түспей келеді.