Варшава ұжымы өз тарихында Қазақстанға үш рет келген.
“Легия” командасы елімізге алғаш рет 2014 жылы табан тіреді. Ол кезде “Ақтөбе” командасы Еуропа Лигасының плей-офф кезеңінде бақ сынасып жатқан еді. Бұл ұжымдар арасындағы бірінші ойын 21 тамыз күні “Қобыланды” стадионында өтті. Алайда 90 минут қорытындысы бойынша қонақтар Ондрей Дуданың нәтижелі соққысының арқасында минималды есеппен жеңіске жетті. Арада бір аптадай уақыт өткен соң, “Легия” өз алаңында тағы да оң нәтиже тіркеп, Ақтөбені еурокубоксіз қалдырды.
Варшавалық клубтың Қазақстандағы кезекті жорығы Экспо-2017 көрмесімен тұспа-тұс келді. Алғашқы ойын кезекті рет біздің елімізде ойнатылды. Бұл жолы қазақстандық команда өз жерінде жерге қарап қалмады. Қонақтар сапындағы Армандо Садикудың голына “Астана” құрамынан Патрик Твумаси, Иван Маевский және Жуниор Кабананга жауап қатты. Польшадағы қарымта кездесуде елорда ұжымы 1:0 есебімен ұтылғанымен, үйдегі сенімді жеңіс нәтижесінде плей-офф кезеңіне жолдама алды.
2017 жылдан кейін арада 8 жыл өтті. Еуропада Конференция Лигасы турнирі футбол сүйер қауымға жол тартты. Байрақты бәсекеде Қазақстан атынан “Ордабасы” командасы додаға түсті. Әдеттегідей бізге қарсылас атанған “Легия” алғашқы кездесуін бізде өткізге мәжбүр болды. Қос команда арасындағы алғашқы тайм біздің ұжым үшін сәтті өтті. Мамаду Мбодж бен Всеволод Садовский өз аттарына бір-бір голдан жазды. Алайда кездесудің екінші бөлігінде “Легия” ширақ қимылдады. Нәтижесінде екі гол соғып, жеңіске жетуге жақын тұрған “Ордабасымен” тең тарқасты. Өкінішке қарай, сырттағы ойында шымкенттіктер 3:2 есебімен ұтылып, еурокубокке “қош” деді.