“Алтай” командасы 16 қазан күні Matchday ұйымдастырмақшы.
Өскемендік “Алтай” Бірінші лигадағы соңғы 5 ойында жеңілмей келеді. Вахим Масудов баптауындағы команда турнир көшінде келе жатқан “Каспий” мен “Ертісті” де қарсылас көрмеді. Соның нәтижесінде Өскеменде “Алтайдың” ойынын тамашалауға ниет білдіргендер саны күн санап артуда екен. Осыған байланысты команда басшылығы 16 қазан күні ауқымды Matchday ұйымдастырмақшы. “Ертіс” қарсылас атанатын кездесуде фанаттарға арналып түрлі іс-шара ұйымдастырылады. Және ең бастысы тартысты ойын телеарна тікелей эфирінен көрсетілмек. Бірқатар келіссөздерден кейін “Алтай” Qazsport-тан футбол жанкүйерлеріне жол табуға мүмкіндік алған екен.
Жалпы “Алтай” командасының Matchday ұйымдастырудағы тәжірибесі бар. Мәселен, QJ League турнирінің қыздар санатындағы кезекті кездесуінің бірінде Мирас Жүгінісов Өскеменде ән шырқап, келген жанкүйерлердің көңілін көтерген еді. Одан тағысы, ұйымдастырушы тарап құнды сыйлықтар үлестіріп, матчты одан әрмен қызықты қылған болатын.
Соңғы 5 ойында жеңілістің кермек дәмін көрмеген Алтай Бірінші Лиганың 17-тур аясында 38 ұпай жинап, турнир кестесінде 3 орынды түйіндеп тұр. Алдағы уақытта команданың алдына үздік екі ұжымның қатарына кіру мақсаты қойылған.