Келімсектер «Кеншінің» сүйеді ақшасын, күйе жақпасын!

24.08.2014, 04:31
Келімсектер «Кеншінің» сүйеді ақшасын, күйе жақпасын!

Аттай қалап, мол жалақы ұсынып алған шетелдік легионерлеріміз оттап жүр отандық БАҚ-ты шулатып. Өз елдерінде футболдан бағы мен бабы келіспей, қатын-қалашы мен бала-шағасын асырай алмай, қазақ футболының есігінен сығалаған келімсектердің құтыруы басталды, ағайын. Былтыр Сергейдің сөзінен секем алсақ, енді, міне, Фернандеске жол бердік. Біз өзі қашан да «басымыздан сөз асырмаған елміз» деп мақтанамыз. Бірақ оттағандардың аузына қақпақ бола алмайтынымыз қалай? құтырта берген тағы да болмас.

Қарағандылық «Шахтердің» биылғы Еуропа лигасындағы жетістігін көріп, өзінің ыстық ұясын сынға алған футболшының бірі – португалиялық Яго Фернандес. 26 жастағы Фернандес жыл басында «Шахтердің» сапына қосылған еді. Ел біріншілігінде португалиялық қорғаушы тоғыз кездесу өткізіп, бір гол соққан. Жазғы маусымаралық үзілісте қарағандылық клуб ойыншымен келісімшартты үзіп тастады. Үзбесіне лаж жоқ. Команда сапында тоғыз ойында жалқы гол салған Фернандестің ойыны жүрмеді. Өзінің Еуропа жасыл алаңдарында доп тепкенін ескерген Фернандес өзін Криштианулардай сезінді. Бірақ қайда доп тепсе де, бәрібір ол – Криштиану емес қой. Жай ғана ортанқол шабуылшы болатын. Енді өзін Еуропа түгіл, Қазақ еліне таныта алмаған Фернандес қазақ футболын сынға алыпты: «Қазақстан футболында жалақы мәселесі ғана орынды. Бұл жақта футбол үшін инфрақұрылым жоқ. Қазақстанда өмір сүрудің өзі қиын. Мен осы жақта біраз уақытымды өткізгеніме өкінемін. Және португалиялық ойыншыларға айтарым – ол жаққа футбол үшін бармаңыздар». «Шахтерде» жүріп, қабілетсіз ойыншы атанған Фернандестің қызғанышы біз үшін түк емес. Ең бастысы – «Криштиану Роналдудың» айтпағаны. Мектепте қабілетсіз оқушыны келесі сыныпқа көшірмейтін қағида бар. Ендеше қазақ футболында қабілетсіз ойыншы болған Фернандес біздің ұжымға лайықты болмады. Сондықтан оны келесі ойынға көшіре алмадық. Осы орайда отандық футболға көңілі толмай жүрген мәжіліс депутаты Айқын Қоңыровтың: «Қазақ ойыншыларын жасырып қалатын қазақстандық паспорты бар легионерлер. Яғни қабілетсіз шетелдік ойыншылар», – деген пікірі Яго Фернандеске қарата айтылған сыңайлы. Сондай-ақ былтыр «Ақтөбенің» Қазақстан футболындағы ең қымбат ойыншы атанған ресейлік Сергей Давыдов та дәл осылай оттап кеткен болатын. Ол: «Қазақстан Премьер-лигасы ең төменгі ойындар санатында. Онда ойыншыларды алдап, жалақысын бермейді. Мен бұл чемпионатта енді өнер көрсетпеймін», – деп көкіген болатын. Ендеше су ішкен құдығына түкірген екі легионеріміз де Қазақстан футболындағы қымбат ойыншылар қатарына енген. Жалпы, тәуелсіздік алғалы бері елімізге шетелден 402 футболшы келіп, солардың 283-і қайтып кетіпті. Қазақстанға келген футболшылардың жалпы құны 2,08 миллион еуро деп көрсетілген. Ал сыртқа сатылғандардың құны 450 мың еуроға тең. Осыншама айырма мен олардың оттаған сөздеріне көніп отырған отандық футболдың орны әлі де болса сол келімсектердің қолында қала береді. Айқын Қоңыров мәлімдегендей: «Қазақстан легионерлерінің трансферлері жалпыеуропалық рейтингіде топ 20-ға кірсе, нәтижеге келгенде, мықты деген жүздік ішіне әрең кіреді. Ең жоғарғы трансфер – 900 000 еуро, ең қарапайым – 350 000». Қарап отырсаңыздар, осыншама қаржыны қалтаға басқан легионерлердің біздің футболды Еуропа төріне көтеріп жатқаны шамалы. Тіпті, жаттықтырушыны да шетелдік мамандарға беріп отырмыз. Отандық футболдың ұңғыл-шұңғылын бiлетiн өзiмiздiң бапкерлер неге жұмыссыз жүр? Неге соларға қолқа салмаймыз? Жанкүйер көкейiнде жүрген осы сауалдарға жақын арада жауап табыла қоюы да неғайбыл. Өйткенi ұлттық құрама түгiлi, Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететiн 12 команданың жетеуiн шетелдiк жаттықтырушы баптайды. Тек ақша табу үшiн ғана келген бапкерлер мен ойыншыларды қазақ футболының көсегесiн көгертедi дегенге сену қиын. Ендеше осы олқылықтарға жол берген федерация басшылары мен командалардың атқарушы жетекшілері өз қара домалақтарымызды құрама сапына алуды көздеуі керек. Әйтпесе тағы бір Фернандес пен Сергейдің шықпасына кім кепіл?

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Алдыңғы жаңалық
Фотобайқау!
Aladop Youtube
×