Санаулы күндерден соң Қазақстанда жаңа
футбол маусымы ашылады. Алғашқы
бәсекеде өткен жылғы ел чемпионы
Қарағандының «Шахтеры» мен кубок иегері
«Астана» суперкубокты сарапқа салатын
болады. Ал оған дейін қазақ командалары соңғы дайындықтарын пысықтауда.
Дегенмен алғашқы жаңалықты Ресейдің
«Кубань» ұжымына ауысқан жас талантымыз
Бауыржан Исламханнан бастасақ. Үш жылға
арналған келісімшарттың құны 200 мың АҚШ
долларын құрағаны мәлім болды. Бір
қарағанда көп сома емес. Алайда клуб басшылығының түсіндіруінен жағдайдың басқа
қырын көреміз. Бұл тұста қамқор көңіл ағайын
жас ойыншыны саудаға салғаннан гөрі
болашағын күйттеді.Н Исламханға ұсыныс
айтқан ұжымдардың барлығы дерлік бір
жылдық келісімшартты қалаған. Әрине, олар ұзақ мерзімді қаламайды, өйткені футболшы
үмітті ақтамаса бостан босқа шығындаламыз
деп қауіптенеді. Бауыржан сияқты жас түлекке
бір жыл уақыт ашылып ойнау үшін аздық етуі
де ықтимал. Осының бәрін ой сүзгіден өткізген
«Тараз» клубының басшылығы біздің пікірімізше, өте дұрыс шешім қабылдады.
Краснодардың «Кубань» ұжымы Исламханның
шебер ойыншы ретінде қалыптасуына барлық
жағдайды жасауға уәде берді. Егер қандай да
бір жағдай туындап, Исламханмен «Кубань» клу
бының арасындағы келісімшарт бұзылып жатса, футболшыны иемдену құқығына
«Тараз» командасы ие болмақ. Сол сияқты, егер
футболшы басқа күшті командалардың біріне
ауысып жатса, жаңа келісімшарттың 20
пайызы «Таразға» тиесілі болмақ. Қазақстандық ұжымдардың біразы да
Бауыржанды өз қатарына тартқылары келді.
Олардың арасында жас футболшыға 900 мың
доллар ұсынғандар да болды. Бірақ ел
аумағында Исламханның шеберлігі
шыңдалудың орнына мұқалып қалуы да әбден мүмкін еді. Енді жаңа маусымға соңғы дайындықтарын
пысықтаған командаларға тоқталып өтсек. Ел
футболының көшбасшысы саналатын
«Қайрат» туған жерге оралды. Түркияда оқу-
жаттығу өткізіп, бірнеше бақылау
бәсекелерінде қарымын тексерген ұжым соңғы кездесуде Ресейдің «Мордовия» клубын 1:0
есебімен ұтты. Алматылықтар голды бірінші
таймда соқты. Нәтижелі соққының авторы –
команданың жаңа ойыншысы Владислав
Нехтий. Украиналық жартылай қорғаушы
бұның алдында «Запорожьемен» (Украина) өткен ойында да қарсыластар қақпасына гол
енгізген болатын. Осы кездесуде он сегіз
жастағы дарынды футболшы Арғын Жұ
матаевтың да тамаша өнер көрсеткенін
мамандар тілге тиек етуде. Жалпы, Алматының «Қайраты» екі жарым
айдың ішінде Түркия жерінде төрт рет оқу-
жаттығу жиынын өткізіп, тоғыз бірдей бақылау
ойынына қатысты. Осы кездесулердің
төртеуінде «Қайрат» жеңіске жетіп, біреуінде
тең түсті және төртеуінде жеңіліс тапты. Алматылық футболшылар 10 гол енгізіп, 11
гол жіберіп алды. Осы ойындарда Руслан
Сақалбаев, Олег Недашковский, Тимур
Байжанов, Владислав Нехтий сияқты
футболшылар екі реттен гол авторы атанды.
Сондай-ақ Йосип Кнежевич пен Илья Калинин де бір-бір мәрте нәтижелі соққы жасап, көзге
түсті. Ресей премьер-лигасында өнер көрсететін
«Мордовия» командасын Қостанайдың
«Тобылы» да ұтты. Бірақ біздің футболшылар
бұл жолы ресейлік ұжымның қосалқы
құрамымен шеберлік байқасты. Бәсеке 2:1
есебімен аяқталды. Жігіттеріміздің сапынан Игорь Бугаев пен Менсұр Куртиши қақпадан
саңлау тапты. Кереку өңірінің «Ертіс»
командасы Украина премьер-лигасының өкілі
«Арсеналмен» жолдастық кездесу өткізіп, 1:1
есебімен тең түсті. Еліміздің төрт дүркін чемпионы – «Ақтөбе» де
жаңа маусымға қызу дайындалуда. Владимир
Никитенко жаттықтыратын «Ақтөбе»
командасы Түркияда кезекті бақылау ойынын
өткізіп, Мәскеудің «Торпедосын» жалғыз
голдың көмегімен жеңді. Нәтижелі соққының авторы – Александр Гейнрих, ол кездесудің 42-
минутында айып соққысын әдемі орындады. Бір
кездері өзбек футболшысы осы Мәскеудің
«Торпедосының» намысын қорғағанын да айта
кетейік. Бүгін ақтөбелік футболшылар Хабаров
скінің «СКА-Энергия» командасымен жолдастық кездесу өткізеді және кешке қарай Анадолыдан
қазақ жерін бетке алады. Еліміздің қазіргі уақыттағы чемпионы
«Шахтердың» құрамы облыс әкімімен кездесті.
Естеріңізге сала кетейік, 3 наурызда кеншілер
астаналықтармен суперкубокты сарапқа
салады. Осы маңызды бәсекенің қарсаңында
облыс басшысы Бауыржан Әбдішев футболшыларды жігерлендіріп, ақжол тіледі.
Оның үстіне биыл «Шахтер» Еуропаның
Чемпиондар лигасында өнер көрсетеді. Виктор
Кумыков жаттықтыратын ұжым жаңа маусымға
бірнеше ойыншымен келісімшарт жасасты.
Олардың арасында белоруссиялық, сербиялық, словениялық ойыншылар бар. Сол сияқты
кеншілер өз өрендерімізге де назар аударып,
Тоқтар Жанқылышбай, Роман Мұртазаев,
Виталий Ли сынды жастарды жасыл алаң
төрінде сынамақ.
Шалқар ЕСТЕН