Кеншілер жеңді, бірақ шынайы бәсеке болды ма?

02.11.2011, 20:50
Кеншілер жеңді, бірақ шынайы бәсеке болды ма?

Жасыл алаң төрінде жеті ай бойы бәсекелескен еліміз премьер-лигасындағы командалар 20-шы Қазақстан чемпионатын қорытындылады. Оның нәтижесі бойынша Қарағандының «Шахтеры» жеңімпаз атанды. «Кеншілер» бұл атаққа шынымен де лайық еді. Бұған дейін үш рет (1995, 2007, 2009 жылдар) ел біріншілігінің қола жүлдесін олжалаған ұжым «алтынға» қол жеткізе алмай-ақ қойған болатын. Осы жолы қарағандылықтардың көптен күткен армандары орындалды. Тағы да қайталап айтамыз, олар жеңіске лайық өнер көрсетті. Біз де «Шахтердің» тілеуін тілеген барша жанкүйерді құттықтаймыз! Дегенмен көңілді күпті ететін мәселе де жоқ емес... Әңгімені содан бастасақ. Тәжірибелі мамандар мен жанкүйерлердің ел біріншілігі басталар тұста жасаған болжамдары ол аяқталғанда неге айна-қатесіз дәл шығып жатады? Көптің аузына ешкім де қақпақ бола алмайды, былтыр «Тобылдың», биыл «Шахтердің» чемпион атанатыны және 2009 жылы «Атыраудың» Қазақстан кубогын иеленетіні ел ішінде гу-гу әңгімеге айналған еді. Үш жағдайда да «жауырыншылар» жасаған болжам дәл келді. Мұның астарында не жатқанын аңғару қиын емес сияқты. Біз «футболымызды қайтсек биікке көтереміз» деп күндіз-түні жақ жаппай, кеңірдек жыртыса айтысып жатамыз. Қызыл сөздің көбігін сапырғандардың арасында еліміз футболының тұтқасын ұстаған азаматтар да жүреді. Олар әлемдегі нөмірі бірінші спорт түрін өркендету жолында қолдан келгеннің бәрін істеп жатқандарын айтады. Иә, ақты - ақ, қараны - қара деп айтуға тиіспіз. Бұл мақсатта Қазақстан футбол федерациясы біраз игілікті істер атқарды және алдағы уақытта да жүйелі жоспарларын жүзеге асырмақ. Бірақ мұның бәрі ел біріншілігінде шынайы бәсекелестік болмайынша өз жемісін бермейтінін мойындауға тиіспіз. Футболда бәрі бір бірімен тығыз байланыста екенін ұмытпайық. Ел футболының деңгейі тек ұлттық құраманы алға сүйреумен биіктемейді. Біз шынымен өз-өзімізді алға жетелейміз десек балалар футболынан бастап, барлық сатыдағы жарыстарды қамти отырып, премьер-лигадағы тартысқа дейін әділ бәсеке жүйесін орнатуға тиіспіз. Менің жеке пікірім, Талдықорғанның «Жетісуы» чемпионаттың аяқталуына екі тур қалғанда неге бәсекені доғарғандай болды? Өз алаңдарында «Шахтермен» кездескенге дейін жетісулықтардың алтын жүлдеге қол жеткізер мүмкіндігі жоғары еді. Бірақ дәл осы ойынның қарсаңында команданың сұр мергені Ұлықбек Бақаев Біріккен Араб Әмірлігінің «Дубай» клубына ауысып үлгерді. Бас жүлдеге талас жүргізген ұжым дәл ұрымтал сәтте мұндай қадамға бармауы тиіс еді. «Бірер күн кешіксе арабтардың біріншілігіндегі трансфер аяқталады екен, сондықтан да Бақаев келісімшартты асығыс жасауға тиіс болды» деген ақпараттың да салмағы жеңіл. Чемпионат барысында «Жетісу» ұзақ уақыт бойы көш бастап келді. Оның жинаған ұпайлары өзгелердікінен біршама артықтау да болды. Бірақ неге екенін қайдам, команда басшысы Асқар Қожабергенов үнемі алтын жүлдеден ат-тонын ала қашып, «алтын былай тұрсын, бізге жүлденің өзі жетеді» дегеннен танбады. Білікті маман бас жүлдеге қол жеткізе алмасына неге сонша сенімді болды? Елдегі басылымдардың бірі Талдықорғандағы «Жетісу» мен «Шахтердің» кездесуінен соң «шыны керек жетісулықтардың чемпиондық ойыны бізге ұнамады» деп жазды. Иә, ол ойын «Жетісудың» тілеуін тілеген барша жанкүйерге ұнамағаны анық. Сол матчта талдықорғандықтарды танымай қалғанымыз рас. Әншейінде қарсы қақпаның маңында дауыл тұрғызатын жетісулықтарға аяқасты не боп қалды? Қош, сонымен ел біріншілігін түйіндеген соңғы турдың нәтижелеріне тоқталайық. Қарағандыда болашақ чемпион «Шахтер» елордалық ұжым «Астананы» қабылдады. Кездесу басталғаннан тізгінді қолдарына алған алаң иелері 18-минутта Сергей Хижниченконың арқасында есеп ашты. Қазақстан футбол федерациясы келтірген дерек бойынша, бұл кездесуді 19 мыңға жуық жанкүйер алаң жиегінен тамашалаған екен. Бұл, әрине, көңіл қуантар жағымды ақпарат. Қалың жанкүйер ойынның 80-минутында тағы дүр сілкінді. Өйткені Сергей Хижниченко «астана» қақпасына екінші голды енгізген еді. Осыдан кейін-ақ жергілікті жанкүйер бір-бірлерін ойындағы және біріншіліктегі жеңіспен құттықтай бастады. Жарыс қорытындысы бойынша 42 ұпай жинаған «Шахтер» алғаш рет Қазақстан чемпионы деген атаққа қол жеткізді. «Жетісу» бұл күні Кереку өңірінде «Ертіспен» кездесті. Ойынның 21-минутында Сергей Остапенко есеп ашып, қонақтарды алға шығарды. Бірақ кездесудің бірінші бөлігі аяқталар тұста «Жетісудың» белді ойыншысы Марко Джалович алаңнан қуылды. Тәжірибелі серб жартылай қорғаушысының жоқтығы ойынның қалған бөлігінде айқын сезіліп, алаң иелері екі рет нәтижелі шабуыл ұйымдастырды. Алдымен кездесудің 77- минутында Мамуту Кулибали таразы басын теңестірсе, 78-минутта Глеб Мальцев өз командасына жеңіс әперді. Талдықорғандықтар қатарынан екі рет жеңілсе де күміс жүлдеден көз жазып қалмады. «Жетісудың» еншісіне 38 ұпай бұйырды. Еліміздің төрт дүркін чемпионы «Ақтөбе» де «Астана» сияқты қола жүлдеден үмітті еді. Владимир Муханов жаттықтыратын ақтөбеліктер өз мүмкіндіктерін ұтымды пайдалана білді. Олар соңғы турды Шымкентте жергілікті «Ордабасыға» қарсы өткізген болатын. Кездесудің 21-минутында сербиялық жартылай қорғаушы Зоран Костич алаң иелерінің қақпасын дәл көздеп, есеп ашты. Арада жеті минуттай өткенде Евгений Аверченко нәтижені еселей түсті. Дегенмен тағы бір минуттың ішінде келесі гол тіркелді. Бұл жолы гол соғу кезегі алаң иелеріне тиген еді, Азат Нұрғалиевтің қанжығасы майланды. «Ордабасы» футболшылары бірінші таймның соңғы минутында таразы басын теңестіріп кетті. Қайрат Әшірбековтің соққысы Андрей Сидельниковты қапы қалдырды. Үзілістен кейін екі гол тіркелсе, оның екеуі де «Ақтөбенің» еншісінде. Бір қызығы, қос гол да ойынның соңғы минутында соғылды. Бірін Мәлік Мане, екіншісін Владимир Джилас енгізді. Осылайша «Ақтөбе» соңғы турдағы жеңісінің арқасында «Астананы» кейінге қалдырып, қола жүлдеге ие болды. Алматының «Қайраты» мен Өскеменнің «Востогы» төменгі топқа түсіп қалды. Олардың орнын енді «Сұңқар» мен «Оқжетпес» басатын болады. Алматы қаласының әкімдігі мен «Қазросгаз» ұжымы қамқорлыққа алған «Қайрат» биыл тағы да сенімді ақтамады. Бір кездегі қазақтың маңдайалды клубына ағылшын маманы Джон Грегори да көмектесе алмады. Алматылықтар соңғы турда өз алаңдарында «Таразды» қабылдаған еді. Тартысты өткен кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды. Бірінші голды қонақтар 57-минутта Олег Недашковскийдің көмегімен соқты. Алаң қожайындары таразы басын ойынның соңында пенальтиден теңестірді. Гол авторы - Константин Головской. Чемпионаттың соңғы бөлігін өте жақсы өткізген Қызылорданың «Қайсары» премьер-лигадағы орнын сақтап қалды. Сыр өңірінің футболшылары соңғы турда «Атырауды» өз алаңында 1:0 есебімен жеңді. Жалғыз гол Анатолий Малковтың атына жазылды. Біріншіліктің ең осал ұжымы «Восток» Өскеменде «Тобылдан» 1:3 есебімен ұтылды. Бұл ойындағы алғашқы голды Сергей Гридин соғып, қонақтарды алға шығарды. Одан соң Самир Бекрич пен Бауыржан Жолшиев нәтижені ұлғайта түсті. Соңғы голды алаң иелері сапынан Санат Жұмаханов енгізді. Чемпионат барысында қарсыластар қақпасын 18 рет дәл көздеген «Жетісудың» бұрынғы ойыншысы Ұлықбек Бақаев мергендер көшін бастады. Одан екі голы кем түскен «Шахтердің» өкілі Сергей Хижниченко 2-сатыдан көрінді.

Шалқар ЕСТЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×