Кеншілердің көксегені көшбасылық

Бірінші Лигаға биыл бірінші рет төмендеп қалған “Шахтер” келер жылы мықтылар қатарына қайта қосыла ала ма?

Кеншілердің көксегені көшбасылық

2024/25 жылғы маусымда еліміздің элитасындағы орнын сақтап қала алмаған “Шахтер” өз тарихындағы алғаш рет Бірінші Лигаға түсіп қалған еді. Кеншілермен бірге сол кезде төменгі дивизионда Ақсу клубы өнер көрсетуі тиіс болған. Алайда Павлодарлық ұжым маусым соңына дейін Қазақстанның клубтар географиясынан түбегейлі жоқ болды. “Шахтерда” “Ақсудың” күйін кешуі мүмкін еді. Алайда басшылық тарихы тереңде жатқан Қарағанды клубын соңына дейін сақтап қалу жайында шешім қабылдады. Сөйтіп Бірінші Лигада өнер көрсетуге өз келісімін берді. Алайда чемпионаттың екінші деңгейлі біріншілігінде легионерлердің ойнауына рұқсат болмағандықтан, “Шахтер” шетел футболшыларымен жан-жақты қоштасты. Бұрынғы құрамнан тек Айдос Тәттібаев қана қалды…

“Шахтер” жаңа маусымға дайындықты осы жылдың 20 қаңтарында Астана қаласында бастады. Сол уақытта команда құрамына клуб аңызы Игорь Шацкий, Олжас Керімжанов, Михаил Габышев, Рифат Нұрмағамбетов, Юрий Перцух сынды шебер футболшылар келіп қосылды. Қарағанды құрамы 10 күндік жаттығу-жиындарынан кейін Түркияның Анталья қаласына аттанды. Онда 20 күндей болып, түрлі жолдастық кездесулер өткізіп, елімізге тәжірибесін толыстырып келді. 

Бірінші Лигадағы алғашқы ойынын “Шахтер” 9 сәуір күні Түркістан жерінде өткізді. Сырт алаңдағы ойында команданы қайта қолға алған Андрей Финонченко өз шәкірттерімен бірге жергілікті ұжымнан 1:2 есебімен басым түсті. Одан кейін кеншілер 6 матч қатарынан жеңіліс таппады. Команда тікелей бәсекелесі атанатын “Ертіспен” тең тарқасып, маңызды ұпайынан қағылмады. Бірақ чемпионаттың 8 турында “Шахтер” Масудовтың “Алтайынан” айласын асыра алмады. Клуб осыдан кейін қайта ес жинап, алматылық AKAS 4:2, “Жетісай” 1:2 және “Академия Оңтүстік” клубтарын 4:1 есебімен сенімді жеңді. Бұл ойындардан кейін кеншілер күтпеген жерден “Тараздан” 4:0 есебімен есе жіберіп қойды. Матч алдында Тимур Рудосельский мен жас талант Алихан Исраиловты қатарға қосқан “Шахтер” турдың сенсациясын тіркеді. Бұған дейін Қарағанды клубының қақпасын қорғаған Игорь Шацкий осы маусымда алғаш рет өз қақпасынан 4 допты алып шығуына тура келді. Тараздың тарландарына қарсы сұрөңсіз кездесуден кейін еңселері жерге түскен “Шахтер” футболшылары өз алаңында Каспиден жеңіліп, жағдайды біршама қиындатып алды. Бірақ келесі екі ойында “Шахтер” қарсыластарынан гол жібермей, 6 ұпайды қоржынға салды. Айтпақшы, “Хан-Тәңірі” матчы алдында Айдос Тәттібаевқа кеншілер сапында 200 кездесу өткізді деген естелік сыйлығы табысталды. Жалпы шабуылшы осы маусымда “Шахтер” үшін 13 ойын өткізіп, 5 голды атына жазды. Келер ойында Финонченко клубын потенциалды қарсылас саналған “Ертіс” ұжымы күтті. Бұған дейінгі ойындарында қарсыластарын оңды-солды жайпап келе жатқан команда Шахтерге де әлі келді. Павлодарда болған матч қорытындысы бойынша “Ертіс” қонақтарды 3:1 есебімен жеңді. Шабуыл шебінде жаңа леп береді деп “Хан-Тәңірінен” аттай қалап алдырған Артем Литош аталған кездесуде көзге түсе алмады. Жеңіліске көнген кеншілер ұжымы кеше ғана “Екібастұзды” 4:0 есебімен жеңіпті. Кездесу барысында 4 қызыл қағаз көрсетілген екен. Соның үшеуі “Шахтер” футболшылары атына жазылыпты. Команда өз алаңында жеңіске жеткенімен, қызбалығының кесірінен келесі кездесудегі жағдайын қиындатты. Команданың үздік сұрмергені саналатын Диас Қалыбаев  (7гол) қосалқы құрамда отырып, ерсі әрекет жасағаны үшін келесі ойыннан шет қалмақ. Бірақ голеадордың орнын жас Артем Литош жоқтатпайды деп сенеміз. Себебі, соңғы кездесулерде Қазақстан Жастар құрамасының футболшысы  өзің жақсы қырынан танытуда. Командаға бойын үйреткен шабуылшы “Екібастұзға” голда соқты. Мүмкін келер матчтардада Артемның “Шахтер” сапындағы голдарының куәсі болармыз. 

Қарағанды ұжымының алдағы ойындарының көпшілігінен ұпай алуға болады. Клубтың келесі қарсыластары турнир кестесінің ортаңғы және төменгі сатысындағы ұжымдар. “Шахтер” бұл матчтарға жақсы дайындалса, үздіктер қатарына қосыла алады. Не болса да, Қарағандылықтардың екі матчы тартысқа толы болғалы тұр. Оның бірі 29 тамызда “Алтайға” қарсы болса, енді бірі 16 қазанда Ақтау жерінде болады деп жоспарлануда. Егерде клуб бұл эмтиханнан мүдірмей өтсе, Премьер-лиганың ауылы алыс емес. Оның үстіне “Шахтер” лигадағы көп гол соққан ұжымдар қатарында. Ал бұл болса, турнир кестесінде қосымша басымдық береді. Айту барлығына оңай… Сол себептен, әліптің артын бағайық! “Каспий”, “Алтай”, “Ертіс” клубтары биылдан қалмай Премьерге шығуды көздеп отыр. Бұл ұжымдарда “Шахтердің” қалауына қарсы шығатыны айдан анық. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

Шахтер ФК
Aladop Youtube
×