ҚФФ алдағы 5 жылға арналған даму жоспарларын таныстырды

24.11.2025, 19:05

Қазақстан футбол федерациясы 2025–2030 жылдарға арналған ұлттық футболды дамытудың кешенді стратегиясы таныстырды, деп хабарлайды Aladop.kz.

ҚФФ алдағы 5 жылға арналған даму жоспарларын таныстырды

Жаңартылған бағдарламаларды техникалық директор Геннадий Скуртул департамент басшыларының, өңірлік өкілдердің және жоба координаторларының қатысуымен баяндады.

Футболды бұқараландыру және жаңа дайындық философиясы

Стратегияның басты мақсаты – 2030 жылға дейін футболмен тұрақты айналысатын Қазақстандықтардың санын 1,5 миллион адамға дейін жеткізу. Бұл үшін ҚФФ мектептер мен колледждердегі футбол бағдарламаларын кеңейтуді, өңірлік әуесқой лигаларды біріктіруді және балалар-жасөспірімдер жарыстарының бірыңғай стандарттарын қалыптастыруды көздейді. Инклюзивті футбол да әлеуметтік маңызды бағыт ретінде жеке дамытылатын болады.

KFF Digital Football Hub – футболды толық цифрландыру

Стратегияның негізгі жобаларының бірі – KFF Digital Football Hub цифрлық экожүйесі. Бұл жүйе ойыншылар мен бапкерлердің цифрлық ID базасын, клубтар мен академиялардың реестрін, бірыңғай статистикалық ортаны және мобильді қосымшаны біріктіреді. 2025–2030 жылдары кезең-кезеңімен енгізілетін жоба футбол инфрақұрылымын толық цифрландыруға бағытталған.

Бапкерлер дайындаудың жаңа моделі

ҚФФ бапкерлерді дайындау жүйесін де реформалауда. UEFA C және B Youth бағдарламалары кеңейтіліп, өңірлік жаттықтырушы-нұсқаушылардың саны артады, онлайн-оқытуға қолжетімділік жеңілдетіледі. Жаңа модель бапкерлерге айқын мансаптық жол ұсынуды және еліміз бойынша бірыңғай сапа стандартын қалыптастыруды көздейді.

Ұлттық және жасөспірімдер құрамалары үшін ортақ әдістеме

Техникалық саясат аясында ұлттық және жасөспірімдер құрамаларының әдістемелік базасы бір жүйеге біріктіріледі. Бұл U-15 деңгейінен бастап негізгі құрамаға дейін бірізді даму жолын құруға, ортақ ойын философиясын және заманауи жаттығу тәсілдерін енгізуге мүмкіндік береді.

Әйелдер футболына жеке басымдық

Стратегияда әйелдер футболы жеке бағыт ретінде белгіленді. U-15, U-17, U-19 жас санаттары мен ұлттық құрамаға арналған толыққанды дайындық жүйесі құрылмақ. Өңірлерде инфрақұрылым нығайтылып, мамандар біліктілікті арттыру бағдарламаларынан өтеді.

Қазақстан футболының жаңа кезеңі

Презентацияны қорытындылаған Геннадий Скуртул бұл стратегиялар ел футболы үшін жаңа кезеңнің басталғанын атап өтті. Инфрақұрылымды жаңарту, цифрлық жүйе енгізу, бапкерлер біліктілігін көтеру және ойыншыларды жүйелі тәрбиелеу алдағы жылдары тұрақты өсімге негіз қаламақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 5
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×