ҚФФ «Ордабасы» пайдасына шешім шығарды: даулы эпизодтарға ресми түсініктеме берілді

Бүгін, 18:15

Қазақстан футбол федерациясының төрешілік және инспекция департаментінің директоры Нуну Алешандре Паррейра де Каштру «Ақтөбе» мен «Ордабасы» арасындағы Қазақстан Премьер лигасының 23-туры матчында болған төрт даулы эпизодқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Aladop.kz.

ҚФФ «Ордабасы» пайдасына шешім шығарды: даулы эпизодтарға ресми түсініктеме берілді

ҚФФ өкілі ойын ережелеріне сүйене отырып, төрешілердің шешімдерін талдады. Кездесу Шымкент клубының 3:1 есебімен жеңісімен аяқталған еді.

44-минут: пенальти белгілеуге негіз болмаған

Бірінші эпизодта «Ордабасы» қорғаушысы айып алаңында допқа талас кезінде тайып кеткен. Қайталаудан доптың футболшының қолына емес, иығына тигені анық көрінген. Сондықтан төрешінің ойынды жалғастыру туралы шешімі дұрыс деп танылды.

53-минут: «Ақтөбе» қорғаушысы қолмен ойнаған

Екінші жағдайда алаң иелерінің №13 ойыншысы айып алаңында допқа қолын тигізген. Алайда төреші ойынды тоқтатпады. Бірнеше секундтан кейін «Ордабасы» гол соқты.

ҚФФ түсіндірмесіне сәйкес, шабуыл голмен аяқталғандықтан, VAR бұл эпизодқа араласпаған. Егер шабуыл голмен аяқталмағанда, «Ақтөбе» қақпасына пенальти белгілеу дұрыс шешім болар еді. Осылайша, федерация бұл сәтте «Ақтөбенің» пайдасына шешім қабылданбағанын растады. 

73-минут: «Ақтөбенің» голы дұрыс есепке алынбаған

Үшінші эпизодта «Ақтөбенің» номер 7-ші ойыншысы баспен соққы жасағысы келгенімен, доп оның қолына тиіп, содан кейін бірден қақпаға кірген. ҚФФ түсіндіруінше, ережеге сәйкес, шабуылдаушының қолынан тікелей қақпаға түскен доп гол ретінде есептелмейді.

Сондықтан төрешінің VAR-ға жүгінгеннен кейін голды есепке алмау туралы шешімі дұрыс деп бағаланды.

87-минут: екі футболшыға да сары қағаз берілуі керек еді

Соңғы эпизодта «Ақтөбенің» №7 ойыншысы мен «Ордабасының» номер 25-ші қорғаушысы арасында жанжал туындаған. Қайталауларда алдымен шабуылшы қарсыласын итеріп, кейін қолымен ұрғаны көрінеді. Қорғаушы оған жауап ретінде иықпен байланысқа түскен, бірақ оның әрекеті шамадан тыс күш қолдану ретінде бағаланбаған.

ҚФФ маманының пікірінше, бұл жағдайда екі ойыншыға да спорттық емес мінез-құлық үшін сары қағаз көрсету қажет болған. 

Осылайша, федерация төрт эпизод бойынша төрешілік шешімдерге түсініктеме берді. Үш жағдайда қабылданған шешімдер дұрыс деп танылса, 53-минуттағы эпизодта гол соғылмаған жағдайда пенальти белгілеу керек болғаны атап өтілді. Бұл кездесу «Ақтөбе» бас бапкері Игорь Черевченконың төрешілікке қатысты наразылығын тудырған еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
×