
Премьер лиганың 5-турындағы даулар бойынша Қазақстан футбол федерациясының төрешілік және бақылау департаменті түсініктеме берді. Талдау "Ордабасы", "Жетісу". "Жеңіс", "Елімай", "Тобыл", "Ақтөбе", "Тұран" және "Астана" командаларының ойындарына жасалды.
"Ордабасы" – "Жетісу"
44-минут: Қонақтардың 10-номерлі ойыншысы төрешінің шешіміне эмоциямен жауап беріп, тізерлеп, алаңға жұдырықпен соғып, наразылығын білдіреді. Оның бұған дейін бір сары қағазы болғанын ескерсек, бұл әрекеті екінші сары қағазға және алаңнан қуылуға негіз болуы керек еді. Бірақ төреші бұл сәтті басқа ойыншылармен болған жағдайлардан көз жазып қалды. VAR бұл жағдайға араласқан жоқ, себебі ол тікелей қызыл карточка санатына кірмейді.
63-минут: Алаң иелерінің 22 номердегі ойыншысы қарсыласқа аяғын ережеде жазылғаннан биік көтерді. Жанасу шамалы болғандықтан, бұл әрекет бейқам ойын ретінде бағаланып, сары қағазға лайықты деп танылды. VAR араласпауы — дұрыс шешім.
90+4 минут: Алаң иелерінің 14-ші формадағы қорғаушысы әуе добына талас кезінде қонақтардың 5 номердегі шабуылшысын ұстап қалады. Төреші шабуылшының алғашқы жанасуын байқап, шабуылдың жалғасуына жол бермеді. Бұл сәт ықтимал шабуылды тоқтату ретінде бағаланып, тек айып добымен және сары қағазбен шектеледі. VAR араласпады — дұрыс шешім.
"Жеңіс" – "Елімай"
85-минут: “Жеңіс” командасының бапкері бапкерлер аймағынан, алаңға кіріп, төреші шешіміне наразылық ретінде әдейі допты тебеді. Бұл тәртіпсіздік қызыл қағазбен жазалануы керек. VAR араласпайды, себебі бұл оқиға VAR ережесіндегі негізгі 4 санатқа жатпайды.
"Тобыл" – "Ақтөбе"
90+3 минут: Қостанайлық команданың 13 номерлі ойыншысы алаң жиегінде қарсыласын итереді, артынша гол соғылды. VAR шабуыл сәтіндегі ереже бұзушылықды тіркеп, төреші көріп шыққан соң гол жойылды. Шешім — дұрыс.
"Тұран" – "Астана"
54-минут: Қонақтардың шабуылшысы алаң иелерінің айып алаңында жеңіл жанасудан кейін құлайды. Төреші қателесіп пенальти белгілейді. VAR араласып, эпизод қайта қаралған соң, пенальти жойылып, ойын қайта жалғасты. Бұл — дұрыс шешім.
Айболат Өнер
Біздің серіктес: FONBET