Түлкібас ауданы, Арыс ауылдық округіне қарасты, Керейт ауылында футбол алаңы бой көтеріп, ел игілігіне берілді.
Тәп-тәуір, заман талабынай сай дүние. Ал ең бастысы, ауылдағы ағайынның бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып соққан спорт кешені еді. Керейттегі ағайын көп болып жиылып салған сол стадионның қызығын көруге келгенде, кесе көлденең мәселеге тап болуда. Сөйтсе, жаңа кешен жергілікті Сайрам-Өгем ұлттық паркінің аумағында орын тепкен екен. Аталған мекеменің қызметкерлері осыған арқа сүйеп, стадионды бұзуды талап етіп отырған ұқсайды. Тіпті, оны салуға атсалысқандарға 10 миллион теңге көлеміндегі айыппұл арқалатып жіберуден де кетары емес деп естідік. Бұл не сұмдық сонда?! Ауыл халқы ешкімге алақан жаймай, өз күшімен жиылып, тиыннан теңге құрап игілікті шаруаны іске асырған кезде осылай жазалау қаншалықты әділ?
Бұқараның назы құлақтарына жеткен соң арнайы комиссия құрылып, тексеріс жасалыпты. Сөйтсек, жаңа стадионнан ұлттық паркке сондай бір «зиян» тигізе қоймағаны анықталыпты – кешен Сайрам-Өгемнің бар-жоғы 1/3 бөлігін алып жатыр. Негізгі бөлігі жергілікті Арыс ауылдық округінің териториясына тиесілі екен. Енді не мәселе дейсіз ғой? Осындай дау көтермей, бір аудан ішінде өзара келісіп алатын шаруа еді. Бірақ, олай болмай шықты. Аудан басшылығы да заңға қатты арқа сүйеп алған көрінеді (Бізде барлық жерде осындай заң үстемдігі орнаса деп қаласың) ешқандай мәмілеге келмей отыр дейді.
Бұл мәселеде бізде мынадай сауал туындайды - Ұлттық парк, жергілікті аудан әкімдігі ақыры заң шеңберінен шықпайды екен, онда құрылыс жұмыстары жүріп жатқанда неге келіп ескерту жасамаған? Шаруаны о басынан реттесе, арты мұндай болмас еді. Жалпы, бір шетінен бұл да бір заңсыздық емес пе? Мұндағы атқамінерлер мемлекет саясатына қарсы шығып отырған жоқ па? Жеке біздің редакция бұқаралық спортпен шұғылданатын халық санын арттыруды мақсат тұтқан мем саясатқа қарсы іс-әрекет көруде. Президенттің өзі әр Жолдауында, Үндеуінде осы мәселеге баса назар аударады. Сонда, Түлкібас ауданы мен Арыс ауылдық округінің әкім-қаралары, Сайрам-Өгем ұлттық паркінің басшылығына бұл заң өтпей ме? Үй ішінен үй тігіп алған аудандікі бұл не бассыздық?!