Тайнкасл стадионында өткен драмаға толы кездесуде “Хартс” өз алаңында “Рейнджерсті” қабылдап, 2:1 есебімен маңызды жеңіске қол жеткізді. Бұл нәтиже Глазго алпауытын чемпиондық бәйгеден біржола шығарып тастады, деп хабарлайды Aladop.kz.
Кездесудің алғашқы таймында қонақтар басым болды. Дужон Стерлингтің бағыттаған добы қорғаушыға тиіп, бағытын өзгерткен күйі қақпа торында тулады. Үзіліске “Рейнджерс” сенімді көшбасшы ретінде кеткен еді.
Алайда, екінші таймда бәрі өзгерді. “Хартс” бапкері Дерек Макиннес үзілісте тактикалық өзгерістер енгізіп, алаң иелерінің ойынына жан бітірді.
Александрос Кизиридистің соққысы бағанадан қайтқан сәтте, Стивен Кингсли бірінші болып жетіп, есепті теңестірді.
71-минутта команда капитаны Лоуренс Шенкленд керемет соққымен төменгі бұрышты дәл көздеп, стадионды дүр сілкіндірді.
Бұл жеңістен кейін “Хартс” турнир кестесінде “Селтиктен” 3 ұпай, ал “Рейнджерстен” 7 ұпай ұзап кетті. Маусымның аяқталуына небәрі 3 тур қалды.
Егер “Хартс” осы қарқынын сақтап қалса, олар 1985 жылдан бері “Олд Ферм” (Селтик пен Рейнджерс) егемендігін бұзған алғашқы клуб атанбақ.
Чемпиондық тағдыры әлі де қыл үстінде, бірақ бәрі “Хартстың” өз қолында.
Келесі турда олар “Мотеруэллге” қонаққа барады. Ал cоңғы турда “Селтикпен” өтетін финалға бергісіз ойын күтіп тұр.
Айта кетейік, Эдинбург клубы соңғы рет 1960 жылы чемпион атанған еді.
Бұл матчқа Қазақстандық Ислам Чесноков негізгі құрамда шығып бірінші таймды толықтай алаңда өткізді. Екінші тайм басталар алдында бапкер оны Блэйр Спитталмен алмастырды.