Холанд пен Эдегордың командаласы ҚПЛ-ге жол тартпақ – “Ордабасының” бомба трансфері

Бүгін, 18:50

Оңтүстік Қазақстандық ұжым Норвегия құрамасының бұрынғы шабуылшысы Бьорн Йонсенді өз қатарына қосты, деп хабарлайды Aladop.kz.

Холанд пен Эдегордың командаласы ҚПЛ-ге жол тартпақ – “Ордабасының” бомба трансфері

Еуропа, Азия және Солтүстік Американың белді клубтарында доп теуіп, үлкен тәжірибе жинақтаған сұрмергеннің Шымкентке келу ықтималдығы отандық жанкүйерлердің делебесін қоздырып қойды.

Бьорн Йонсен — Нью-Йорк қаласында Норвегиялық әке мен Американдық ананың отбасында дүниеге келген, қос азаматтығы бар бірегей футболшы. Алайда ол халықаралық деңгейде тарихи отаны Норвегия құрамасының намысын қорғауды жөн санаған. Бойы 1.95 метрді құрайтын 34 жастағы алпауыт шабуылшы алаңда әуедегі допқа бірінші жететін қабілетімен және қорғаушыларға тыным бермейтін прессинг шебері ретінде танымал.

Йонсеннің мансабында мақтана алатын сәттері жетерлік. Ол ұлттық құрама сапында әлемдік деңгейдегі супержұлдыздар Эрлинг Холанд пен Мартин Эдегор, сондай-ақ Джошуа Кинг, секілді танымал футболшылармен бірге өнер көрсеткен. Норвегия құрамасында 2017 жылы дебют жасап, жалпы 16 матчта 5 маңызды гол соққан, әсіресе Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңдерінде белсенділік танытқан.

Клубтық деңгейде де ол, Нидерландының “АЗ Алкмаар” клубында Тён Копмейнерс пен Тижани Рейндерспен, “Монреальда” Виктор Ваньямамен, тіпті жақында ғана Джесси Лингардпен де бір командада ойнап үлгерді.

Бьорн — жай ғана тәжірибелі ойыншы емес, кубоктар мен жеке жүлделерді ұтып үйренген жеңімпаз.

Ол Оңтүстік Кореяның “Ульсан Хёндэ” клубымен бірге Азия Чемпиондар лигасының бас жүлдесін басына көтерді. Сол турнирде 9 матчта 5 гол соғып, командасының жеңісіне тікелей үлес қосты.

Нидерланды Эредивизиясында “АДО Ден Хааг” сапында бір маусымда 19 гол соғып, мергендігімен көзге түсті.

Грузияның “Торпедо Кутаиси” клубында ойнап, ел чемпионатының нағыз короліне айналды: 2024 жылы 26 гол, ал 2025 жылы 21 гол соғып, екі жыл қатарынан біріншіліктің үздік сұрмергені атанды.

Шабуылшы соңғы рет Сауд Арабиясының бірінші дивизионындағы “Аль-Вахда” клубында өнер көрсетеді. 2025/2026 жылғы маусымда ол 17 кездесуге қатысып, 6 гол және 3 нәтижелі паспен көзге түсті.

Қазіргі таңда ҚПЛ-де көш бастап тұрған “Ордабасы” құрамы Бьорнның келуімен одан ары күшейе түсері анық.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×