"Реал Мадрид" қысқы трансфер терезесінде қорғаныстағы мәселелеріне шешім іздемек, деп хабарлайды Aladop.kz.
Корольдік клубтың назары “Манчестер Сити” сапындағы Өзбекстандық қорғаушы Абдукодир Хусановқа ауған көрінеді.
"Реалдың” қорғау желісінде жарақаттардың көбеюі салдарынан командада ротация мүмкіндіктері айтарлықтай шектелген. Жаттықтырушылар штабы маусымның шешуші бөлігі алдында қысқа мерзімде пайда әкелуі мүмкін, әрі сенімді ойыншы іздеуде. Осы тұрғыдан алғанда, Хусановтың кандидатурасы ең тиімді шешімдердің бірі ретінде қарастырылуда.
Өзбекстандық футболшы физикалық дайындығы, әуедегі жекпе-жектердегі басымдығы және заманауи орталық қорғаушыға тән әрекеттерімен мамандардың назарын аударған. Сондай-ақ, оның доппен жұмыс істеу қабілеті, қорғауда түрлі схемаларға тез бейімделуі "Реалдың" ойын стиліне сәйкес келетіні айтылуда.
Трансфердің қаржылық жағы да маңызды фактор ретінде қарастырылуда. Клуб әзірге үлкен қаржы жұмсауды жоспарлап отырған жоқ. Сондықтан Хусановты толықтай сатып алу емес, оны жалға алу нұсқасы басымдыққа ие болып отыр.
Мәліметтерге сүйенсек "Манчестер Сити" басшылығы да футболшының уақытша басқа командада ойнауына қарсы емес. Клуб Хусановтың тұрақты ойын тәжірибесіне ие болуын маңызды санап, жалға алу нұсқасын қисынды шешім ретінде қарастыруда.
Сонымен бірге, "Реал Мадрид" бұл ықтимал келісімді стратегиялық тұрғыдан да тиімді деп бағалап отыр. Клуб Азия нарығындағы ықпалын кеңейтуді көздеуде және бұл фактор негізгі болмаса да, шешім қабылдауда оң әсерін тигізуі мүмкін.
Әзірге тараптар арасындағы байланыс бастапқы кезеңде. Алдағы апталарда "Реал Мадридтің” қысқы трансфер терезесіндегі жоспарлары айқынырақ болары күтілуде.