Киесi кеткен иесiз құрама

10.01.2011, 22:07
Киесi кеткен иесiз құрама
Бұрнағы күнi Азияның Кубогы жолында сары құрлықтың елдерi жан алысып, жан берiсiп жатыр. Кезiнде бiз қатарлы деңгейде ойын көрсететiн Ирак, Сирия, Өзбекстан сынды елдердiң ұлттық құрамаларының бүгiнде ойын алысы анағұрлым жоғары, алаңдағы мәнерi бұрынғымен салыстырғанда едәуiр мәндi. Әрине, бұл жерде ұлттық құрамамен ұзақ уақыт жұмыс iстеген бапкерлердiң еңбегiн көрсетiп өткен жөн. Ал, бiзде бұл ең кемшiн тартатын жағдай. Жағдай емес, нәтиже шығара алмаған бапкерлердi шұлықша ауыстыру ғадетiмiзге айналып үлгерген. 20 жыл iшiнде ұлттық құрамаға бас бапкер болып 11 маман жұмыс iстептi. Бiрақ, солардың iшiнде Сергей Гороховодацкий мен Арнольдус Дик Пайперстiң тұсында ғана қазақ футболы айтарлықтай өнер көрсеттi деуге болады. Ұлттық құрамаға шетелден футболшы әкеле алмаймыз, есесiне шетелден бапкер әкелу құқығына иемiз ғой. Бiрақ, бiзде екi жағдай да қатар орын алып жатыр. Орыстың әбден сiңiрi шығып, сүйегi қатайған ардагер футболшыларын қазақ футболының көсегесiн көгертедi деп тықпалаймыз. Олардың бiрде-бiреуiнiң берген пайдасы, әперген абыройы болған емес. Бекерге легионер ретiнде әкелiп, миллионер қылып қайтарамыз. Бұл футболшыларымызға қатысты жағдай. Әзiрге Бернд Шторктың орны қаңырап бос тұр. «Кемiсi» көп құрамадан немiс маманы да қарасын батырды. Ендi оның орнына кiм келуi мүмкiн? Бiрақ, қандай бапкер болмасын Қазақстанға келгенде ұзақ толғаныспен шешiм қабылдауы мүмкiн. Алғашында алқынып келгенмен, соңында тартынып қайтады. Кекiрiп келген келiмсектер секiрiп жүрiп пайда табады. Мiне, бiздiң футбол осындай!!! Әсiлiнде, бiз көп дүниенi әсiре сынға алып, болмашыдан негiзсiз мәселе көтеретiн әдетiмiз бар. Бiз көп жағдайда ұлттық құрамадан Бернд Шторктiң кетуiн қазақ баспасөзiнiң жетiстiгi деп бағалауымыз мүмкiн. Бiрақ, ұлттық құрамаға пайда әкелетiндей бiз нендей мәселе көтердiк?! Тек Самат Сымақов пен Мұрат Тiлешовты алмады деп байбаламға салдық. Осы уақыт аралығына дейiн құрама тiзгiнiн ұстаған бiрде-бiр жаттықтырушы команданы қазақ футболшыларымен толықтырған емес. Тек команда тiзгiнiн 1995-1997 жылдары қолына алған Серiк Бердалиннiң тұсында ғана құраманың қатарын қаракөз қазақ ұлдары доп тептi. Соның нәтижесiнде Қазақстан ұлттық құрамасы 1998 жылы Францияда өткен Әлем чемпионатының iрiктеу ойындарының екiншi кезеңiне жолдама алды. Бұл – үлкен жетiстiк болатын. Ағымдағы жылдың 9-ақпанында Стамбулда Қазақстан құрамасы Белорусь құрамасымен жолдастық кездесуi өткiзуi тиiс. Оның iзiн суытпай 20-наурызда немiстермен қарымта кездесу өткiземiз. Ал, футболшыларымыз болса кезектi еңбек демалысында. Сонда бiздiң дайындығымыз қайсы? Оған дейiн құрамаға бас бапкер тағайындамасақ, немiс алаңындағы есеп әлемдi тамсандыруы мүмкiн. Басшысыз ел жетiм дейтiн болсақ, құрамадағы 11 футболшы жетiмдiктiң ащы дәмiн татып жүр. Киесi кеткен құраманың иесiз жүргенiне 3 ай уақыт болды. Бiздiң Футбол федераиясының басшылығы бұл сұрақтың жауабын әлi күнге шейiн кейiнге қалдырып отыр. Он екiсiнде бiр гүлi ашылмаған құраманы 12-шi бапкер келiп ұшпаққа шығара ма? Келесi кезек кiмдiкi?

Қазiр Қазақстан құрамасының бапкерсiз отырған халiне еуропалықтар да аянышпен қарауда. Өз болжамдары бойынша, Қазақстанды қалталы елдердiң санатына кiргiзiп, түрлi тәжiрибелi бапкерлердiң келетiндiгiн жарыса жазып жатыр. Соңғы мәрте жылт еткен ақпараттың айтқаны мынау. Бiрақ, шындыққа жанасатын ақпар деп айтуға болады. Ол мәлiметте украиналық «Металлург» командасының бас бапкерлiк қызметiне Красимир Балаков пен Христо Стойчков тағайындалуы ықтимал екендiгi туралы хабар тарады. Ал сонымен бiрге, өзге сайттарда аталған донецкiлiк клубтың өзiне бас бапкерлiкке Красимир Балаковты таңдап, сонымен келiссөздерге отырғаны да мәлiм. Ал, Христо Стойчков дәл қазiр бапкерсiз тұрған Қазақстан ұлттық құрамасына келедi деген сыбыс айтылған. Славян тiлдi болгар маманы құрамаға келсе, тiлшiлер үшiн тiлдесу жеңiлге соғар едi. Оның құрамадағы ойыншылармен тiкелей түсiнiсуi де оңай әрi пайдалы болар едi. Осындан бұрынғы бапкерлiкте отырған Арно Пайперс те, Бернд Шторк те тiл бiлмегеннен көп зардап шектi.

Жандос СМАЙЫЛ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×