Кімге керек бұл кубок?

05.10.2012, 08:38
Кімге керек бұл кубок?

"Тобылың" қызық. Соңғы кездері қостанайлықтар жиі дауға қалып жүр. Шулатпаса жүре алмайтындай. Бұл жолы Грозный жаттықтыратын команданың сапында алаңға шығуға рұқсаты жоқ футболшы ойнады. Енді Қазақстан футбол федерациясы "Тобылды" аямайтын шығар.
     Футболдан Қазақстан кубогының жартылай финалына жолдама алған төрт команда белгілі болды. "Ақтөбе", "Шахтер", "Астана" және Керекудің "Ертісі" ел кубогына таласты жалғастыратын болады. Ширек финалдық текетірестерден сүрінбей өткен бұл клубтардың қайсысына кубок қажеттірек?
"Бәрі де мүмкін" дегенімізбен Қазақстан премьер-лигасында басты бәсекелестеріне бес ұпайға озып кеткен Қарағандының "Шахтері" қалған үш ойында чемпиондықты уысынан шығарып алады дегенге сену қиын. Оның үстіне, Виктор Кумыков шәкірттері үш ойынның екеуін өз алаңында өткізбек. Яғни, қарағандылықтардың басты бағыты ел біріншілігі болуы да заңдылық. Егер чемпионатты жеңсе, келесі жылы Чемпиондар лигасында бақтарын сынап көруге мүмкіндік бар. Сондықтан, ел кубогы бұл команда үшін екінші реттегі тапсырма екені түсінікті. Дегенмен, "Жетісуды" жеңіп, жартылай финалға шығуы арқылы "Шахтер" кубоктен де дәмесі бар екенін сездірді. Талдықорғанда өткен бірінші кездесуде жеңімпаз анықталмаған еді, "Қарағандыда" алаң иелері екінші минутта-ақ текетірес тағдырын өз пайдаларына шешті. Турнир кестесінде 42 ұпаймен 3-орында келе жатқан "Керекудің" Ертісіне кубок қажет-ақ. Себебі, төртінші орындағы "Астана" мен осы "Ертіс" арасын бір-ақ ұпай бөліп тұр. Оның үстіне, "Астананың" бір ойыны кем. Яғни, елордалықтар Талғат Байсуфинов шәкірттерін қуып жеткені былай тұрсын, басып озуы да уақыттың еншісіндегі шаруа секілді. Әрі ел біріншілігінің соңғы турында керекуліктердің Қарағандыға қонаққа баратынын да ұмытпайық. Яғни, үздік үштікке ене алмай қалған жағдайда "Ертіс" еурододаға Қазақстан кубогын жеңу арқылы ғана қатыса алады. Сондықтан болса керек, ширек финалда "Тобылға" қарсы бар білгенін көрсетіп, 3:0 есебімен басым түсу арқылы текетірес тағдырын бірінші ойында-ақ шешіп тастады. Ал Қостанайда өткен қарымта кездесуде негізінен қорғанысқа көңіл бөліп, қақпаларына бір-ақ доп жіберді. Алайда, бұл кездесудің де нәтижесі "Ертістің" пайдасына 3:0 есебімен шешілуі әбден мүмкін. Өйткені, қостанайлықтардың сапында алаңға шығуға рұқсат етілмеген ойыншы өнер көрсетті. Атап айтсақ, Сергей Костюк бұған дейінгі кездесулерде екі сары қағаз алған болатын. Регламентке сүйенер болсақ, кубоктық турнирде екі ескерту алған футболшы келесі ойынға қатыса алмайды. Енді бірер күнде осыған байланысты ҚФФ арнайы мәжіліс өткізетін болады. "Ертіске" қарағанда бір ойыны кем, Қазақстан чемпионатында жүлделі орыннан көрінуі ғажап емес", - демесеңіз "Астанаға" да бұл кубок қажет секілді. Мұны олар Қызылорданың "Қайсарымен" болған кездесуде барынша дәлелдеді. Сыр елінде өткен бірінші ойында 0:1 есебімен жеңіліп қалғандарына қарамастан еңселерін түсірмей, өз алаңында Владимир Никитенко шәкірттерін 4:1 есебімен ойсырата жеңді. Дегенмен, Қазақстан кубогына бәрінен де Владимир Мұқанов шәкірттері мұқтаж сияқты. Олай дейтініміз, турнир кестесінде небәрі 6-орында тұрған "Ақтөбеге" үздік үштіктен көріну үшін қалған ойындарда өздері ғана жақсы ойнап қоймай, басты бәсекелестерінің де сүрінуін күту қажет. Сондықтан, еурододаға жолдама алғылары келсе, батыстықтарға чемпионатта ғана емес, кубокта да сауатты ойын өрнегін көрсету қажет. Айта кетейік, ширек финалдың бірінші кездесуінде "Ордабасының" қақпасынан саңылау таба алмаған "Ақтөбе" Шымкентте өткен ойында 1:0 есебімен жеңіске жетіп, мақсаттарына бір қадам жақындады. Сонымен, жартылай финалдың ойындары қараша айының басында, яғни ел біріншілігі аяқталған соң өтеді. Бәлкім, ел кубогының қай командаға қажеттірек екенін чемпионаттан соң білетін болармыз. Қазақстан кубогы (ширек финал) «Ордабасы» (Шымкент) — «Ақтөбе» 0:1 (0:0) Гол: Хайруллин, 84. Ойынның 52-минутында Арури (О) алаңнан қуылды Бірінші ойын — 0:0 «Шахтер» (Қарағанды) — «Жетісу» (Талдықорған) 1:0 Гол: Габышев, 2. Бірінші ойын — 1:1 «Астана» — «Қайсар» (Қызылорда) 4:1 Голдар: Остапенко, 16. Кетевоама, 44. Кояшевич, 77. Кояшевич, 82 — Пархачев, 56. Бірінші ойын — 0:1 «Тобыл» (Қостанай) — «Ертіс» (Кереку) 1:0 Гол: Йованович, 72. Бірінші ойын — 0:3

алашарена

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×