«Аладоп.кз» қазақстандық бапкер Болат Есмағамбетовпен хабарласып, «Қайрат» - «Пафос» матчы туралы пікірін білді.
Танымал маман Алматының «Орталық» алаңында тартысты ойын күтетінін айтып, болжамын берген болатын. ЧЛ жалпы кезеңінің 3-туры аясынадағы кездесу 19:45-те басталады.
«Екі команда да бір деңгейде деп ойлаймын. Кипрліктердің жағдайы салыстырмалы түрде «Қайраттан» жақсы. Өйткені, сырт алаңда 1 ұпай еншілеген еді. Бір рет жеңілгенін де айта кету керек. «Пафостың» Алматыға 3 ұпай үшін ғана келгені анық. Кипрліктердің артықшылығы – сапалы легионерлер мен өте тәжірибелі футболшылардан жасақталған. Дені жақсы клубтардан ойнап, әбден ысылған. Ал алматылықтар сапында негізінен жас футболшылар доп тебеді. Тәжірибе тұрғысынан «Пафос» басым. Бірақ, жастық жалын мен тартыс тұрғысында біраз артықшылық «Қайратта» деуге болады. Бұл ойында тәжірибе не жастық жалын жеңіске жетеді. Қалай болғанда да өте қызық кездесу күтіп тұр. Екі команда да тек жеңіс үшін алаңға шығады. Рафаэль Уразбахтинге тактика жағынан біраз бас қатыру керек. Кипрлік қарсыласқа қарсы қалай қимылдаған тиімді? Ал былай ауа-райы, алаң сапасы да тамаша. Тек қана «Қайрат» жақсы ойын көрсетуі тиіс», - деді Б. Есмағамбетов.
«Қайрат» екі турдан кейін ұпай еншілей алмай келеді. Ал кипрлік команданың қоржынында 1 ұпай.