Кипр құрамасының ойыншысы Харалампос Кириаку мансабын Қазақстан Премьер лигасында жалғастыру мүмкіндігінен бас тартты, деп хабарлайды Aladop.kz.
Legalbet.kz сайтының хабарлауынша, биылғы маусым аралық үзілісте Қазақстандық клубтардың бірі Кипр құрамасының тірек жартылай қорғаушысына қомақты қаржы ұсынып, өз қатарына шақырған. Алайда, 30 жастағы футболшы қаржылық жағынан тиімдірек ұсынысты емес, өз отанындағы тұрақтылықты таңдаған екен.
Бұған дейін Румынияның "Динамо” (Бухарест) клубында өнер көрсеткен Кириакудың алдында бірнеше нұсқа болған. Оған тек Қазақстан тарапынан ғана емес, Грекия клубтары мен Кипрлік "АЕК” (Ларнака) тарапынан да қызығушылық танытылған көрінеді.
Нәтижесінде, тәжірибелі хавбек Қазақстанда ұсынылған жоғары жалақыға қарамастан, Кипрге оралуды жөн деп тауып отыр.
Харалампос Кириаку Ларнаканың "АЕК" клубымен екі жарым жылға жарамды келісімшартқа қол қойды.
Осылайша, ҚПЛ клубының орталық шепті Еуропалық легионермен күшейту жоспары жүзеге аспады.