Англияның спорт журналистері Дастан Сәтпаевты "Манчестер Сити" аңызы Серхио Агуэроға ұқсайтыны туралы жарыса жазуда, деп хабарлайды Aladop.kz.
Олардың пікірінше, Сәтпаевтың жылдамдығы, доп бақылау техникасы және шешуші сәттердегі суыққандығы Aргентиналық шабуылшыға өте ұқсас. Сол себепті Британияда оған әзірдің өзінде "Кішкентай Агуэро”, “Қазақ Агуеро" сынды лақап аттар беріліп үлгерді.
2025 жылы Дастан Сәтпаев "Қайрат” сапында 41 матчта 19 гол соғып, клубтың Қазақстан чемпионатын жеңуіне және тұңғыш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығуына тікелей үлес қосты.
Оның жетістігі клуб деңгейімен шектелмеді. Сәтпаев ұлттық құрамадағы алғашқы голын 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Бельгияға қарсы ойында соғып, Қазақстан құрамасы тарихындағы ең жас гол авторы атанды.
Дат басылымдары да Сәтпаевтың өнеріне ерекше тоқталуда. Олардың айтуынша, "Копенхаген" матч соңында Дастанның қарқынынан "апатқа ұшырай жаздаған” екен.