Қайбір жылдары футболдан Қазақстан құрамасының тізгінін ұстаған неміс Бернд Шторк ұлттық құраманы ұлттық келбетінен айырып «келімсектер» командасына айналдырып жіберген еді. Жасырары жоқ, әлі күнге келімсектерге иек артып, жер шұқып жүрміз. Сондайда, «ірі-ірі бәсекелерде еліміздің атын шығарып жүрсін деп, әлгіндей спортшылардың төртеуін алайық, бесеуін шақыртайық, бірақ топырлатып, үсті-үстіне үйе берудің қажеті бар ма?» деген ойға қаласың. Одан да елден жырақта жүрсе де, спорттың жілігін шағып, толағай табыстарға жеткен қандастарымызға неліктен көз тікпеске? Өйткені қалай болғанда да олар өз елінің азаматы болып қалады. Бүгінгі айтар әңгімеміз осы.
Қазіргі күні дүниежүзі елдерінің көпшілігінде білікті спортшы «тауарға» айналған. Айлығын асырып төлейтін мемлекет, ірі-ірі клубтар көзі түскен спортшыны өзіне алдыртпай қоймайды. Спортшылардың өзі де көп жағдайда ұтымды ұсыныстан бас тарта алмай, жұмыс беруші жаққа қарай «жығылып» жатады. Сөйтіп, ел мүддесінен жеке мүдде, патриоттық сезімнен бұрын ақша алға шығып, талантты спортшы осылай саудаға түседі. Бұған қоса, «спорттың тізгінін ұстап отырғандардың төрешілдігі мен тамыр таныстығы арқасында, көптеген спортшылар өз еліндегі көрмеген жақсыны, таппаған құрметті өзге елден іздейтін болды» дейміз де, басқаның қаңсығын таңсық көреміз. Иә, ақиқат айтылуы айтылғанмен өзге елдердің спорт жұлдыздарын тарту арқылы елдің беделін көтеру бәрінен биік болып тұр қазір. Бір ғана отандық футбол клубтарын алалық, атына емес, затына қарап кейде «Қазақстанның емес, басқа бір елдің командасы ма?» деп те қалатынымыз рас. Алдымен осы аяқдоптан басталық. Біздің футболға келімсектер үйір. Бір ғана Шторктың тұсында клубтарымызды қоя құрып, ұлттық құрама қатарына Андрей Сидельников, Михаил Рожков, Сергей Каримов, Марк Гурман, Қазбек Гетериев, Алексей Попов, олардың сыртында Германия жерінде өнер көрсететін ұлты неміс Генрих Шмитгдаль келіп қосылды. Қарап отырсақ, бұлардың өзінен бір құрама жасақтап шығуға болады екен. Ал дәл осы легионерлердің қаншама талантты футболының жолын жапқаны анық ақиқат. Жарайды, Германиядан Қазақстанда туған бұрынғы отандастарымызды шақыртсын делік. Бірақ Ресейден 30-дан асқан сақа футболшыларды шақыртуы қай сасқаны?! Бізге «Келімсектер» құрамасы емес, Қазақстан құрамасы керек қой! Бұл орайда соңғы кездері көзімізге түсіп жүрген қос бірдей қазақ футболшыларын тілге тиек етелік. Германияның атақты «Боруссия Д» клубында талантты Қадырбек Решадұлы өнер көрсетеді. Белді клубтың жастар сапында қазақ жігіті жасындай жарқырап жүр. Оның сыртында Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданындағы футбол командасы құрамында өнер көрсетіп жүрген ұлты қазақ жас қақпашы Ержет Ерзатұлы бар. Бұларды неліктен қатарға тартпасқа? Қазақ футболының болашағын сөз еткенде отандық футбол федерациясының жастарды тәрбиелегіштігі кәне? Қазақстан футболының болашағын ойлағыштығы қайда? Велоспортты сөз еткенде есімізге Ресейдің екі дүркін чемпионы Айжан Жапарова түседі. Айжан қазір де іргедегі көршіміздің намысын жыртып жүр. Былтырғы жылы Уфада өткен Ресей чемпионатында алдына қара салған жоқ. Топтық жарыста 137 шақырымды 3 сағат 47.15 минутта зырлап жүріп өтіп, чемпион болды. Сөйтіп бүкіл елді бас идірді. Сол Айжанға Қазақстанның велоспорт федерациясынан әлі күнге ұсыныс түскен жоқ. Ал отандық велоспортта қазақ қыздарының саны саусақпен санарлықтай ғана. Тіпті абыройымызды асқақтатып жүр деген «Астананың» сапында 27 велошабандоз бар десек, соның 16-сы легионер екен. Сырт көзге білінбегенмен, отандық теннистің де түйткілі көп. Осы уақытқа теннисіміздің дәрежесін көтереміз деп, Ресейден Андрей Голубев, Михаил Кукушкин, Юрий Щукин, Евгений Королев, Ярослава Шведова, Галина Воскобоева, тіпті Болгариядан Сесиль Каратанчеваны алдырыппыз. Жарайды, бұлардың біразы тәп-тәуір ойын өрнегін көрсетіп жүр. Бірақ барлығы көбінесе елде емес, шетелдерде жүреді. Әр түрлі турнирлерге қатысады. Тіпті жаттығу жұмыстарының өзін шетелде өткізеді. Өкінетін тұсымыз да осы, олар үнемі біздің спортшылармен бірге жүріп, солардың деңгейлерін өсіру мақсатында тер төгіп жүр деп айта алмаймыз. Тек «Дэвис» секілді додаларда «Қазақстан» дегізіп, біздің елдің атынан сынға түсіп жатқандарына мақтанамыз. Шыны керек, келімсектердің барлығы бірдей жерге қаратқан жоқ. Ірі турнирлерде үздік атанып, елдің атын танытқандары, жүлде қорын толықтыруға сүбелі үлесі қосқандары да болды. Бұл тұрғыда Светлана Подобедованы, Майя Манезаны (екеуі де ауыр атлет), Елена Шалыгинаны (әйелдер күресі) ерекше атап өткен жөн. Алайда жаппай келімсектерге иек артқан әсте қате қағида. Себебі, сырттан келген спортшылардың соңғы рет өз ұлтының құрамасы сапында өнер көрсеткендігіне баса назар аудару керек. Спортта жетістікке жетудің төте жолы әрдайым жеңіс әкелмейтіні белгілі.
Біздің серіктес: FONBET