Клозе Италия жерінде желпіне ала ма?

11.09.2011, 00:04
  Клозе Италия жерінде желпіне ала ма?
Үлкен дау дамайдан кейін футболдан Италия чемпионаты бүгін бастау алады. Кәрі құрлықтағы алпауыт біріншіліктің беташары ретінде біз назарларыңызға А серияның айшықты статистикаларын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Былтырғы «Лечче» футболшылары А сериясында қарсыластарына ең көп соқтығысқан ойыншылар болып табылады. Яғни 896 рет тәртіп бұзған екен. Ал былтырғы ең дөрекі команда – «Салентини». Олар біріншілік бойына 9 қызыл қағаз алған. Бір қызығы, 891 рет тәртіп бұзып, «Леччеден» кейінгі екінші команда болып саналған «Кальяри» ойыншыларына жыл бойына төреші тарапынан ешқандай қызыл карта көрсетілмепті. 207 голымен Роберто Баджоны басып озып, А сериясының ең үздік сұрмергені саналатын Франческо Тотти былтырғы біріншілікте пас беру кезінде біраз қателескен екен. Пасының 72,4 пайызын ғана діттеген жеріне дәл жеткізе білген. Допты жоғалтып алу қаупі басым болса да, нәзік пас беруге құмар Тотти қарсыластар қақпасына қиындық тудыру жағынан әлдекімдерден оқ бойы озық екені рас. Алайда Луис Энрике баптайтын «Рома» үшін пас беру кезінде жинақылық керек-ақ. Былтырғы біріншіліктің 1-2 орындарына жайғасқан «Милан» мен «Интер» ескерту алу жағынан шамалас болған: Аллегридің командасы – 63, Гасперинидің командасы – 56. Ал үштікке іліккен «Наполи» карта алу жағынан лигадағы екінші команда. Олардың еншісінде 93 сары-қызыл қағаз бар екен. Біріншілікті жеңіп алу мақсатында олар барын салған сыңайлы… «Лационың» жартылай қорғаушысы Кристиан Ледесма өткен біріншілікте ең көп пас берген ойыншы болып саналады. Ол командаластарына 2116 рет (дәлдігін есептемегенде) пас берген. Ал оның командасы ойыннан тыс қалу жағынан басқаладан озып кеткен екен. Яғни «Лацио» былтырғы жылы 76 рет оффсайд жасаған. Қатары Мирослав Клозе, Джибриль Сиссе сынды шабуылшылармен толыққан римдік команданың ойыннан тыс қалу мүмкіндігі биылғы біріншілікте көбеймесе, азаймайтынын ішіміз сезіп отырғандай. Бірақ Ледесма сияқты әдемі паспен қамтамасыз етіп тұратын әріптестері барда шабуылшылар да тиянақты іс атқару керектігін түсінгені дұрыс қой. Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×