Лихтенштейн құрамасының бас бапкері Конрад Фюнфштюк 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу матчынан кейінгі әсерімен бөлісті.
«Қазақстан құрамасын жеңісімен құттықтаймын. Бүгін олар жоғары деңгейде өнер көрсетті. Сондай-ақ олардың жанкүйерлеріне де ризашылығымды білдіремін. Стадионда керемет атмосфера болды», — деді Конрад Фюнфштюк.
Сонымен қатар бас бапкер өзінің командасы кадр тапшылығынан қиындық көріп отырғанын мойындады.
«Әрине, гол соға алмағанымыз өкінішті. Бірақ біздің жағдайды да түсіну керек. Лихтенштейнде бар болғаны 40 мың адам тұрады. «Astana Arena» стадионына Лихтейнштейн мемлекетімен шамалас жанкүйер жиналды. Бізде небәрі бірнеше кәсіби футболшы бар. Ал қалғандары басқа салаларда жұмыс істейді. Соған қарамастан, жігіттер намысты ойын көрсетті. Жасанды төсеніш те алаң иелеріне кішігірім басымдық берді», — деді бапкер.
Айта кетейік, Қазақстан мен Лихтейнштейн арасындағы ойын 4:0 есебімен жерлестеріміздің пайдасына шешілді.