Футболдан премьер-лигадағы Қазақстан чемпионатының ІХ турында көш басындағы «төрт туз» екі ұпайдан жоғалтып, бір-бірінің сәтсіздігін кәдеге асыра алмады.
Ел біріншілігін былтырғыдай жоғары қарқынмен бастай алмай, ортаңқол командалардың кейбіреулерімен болған матчтарда ұпай жоғалтып, бармағын тістеп жүрген айбынды «Ақтөбе» Өскеменнен өзегін өкінішпен өртеп қайтты. Жергілікті «Востокпен» тең түсіп, бір ұпайды қанағат тұтты. Ал «Локомотив» мұнайлы өңірде «Атыраумен» итжығыс түсіп, басты бәсекелестерінен құйрық үзіп кете алмады. «Шахтер» мен «Жетісу» Теміртауда табан тіресе шайқасып, әрқайсысы үш голдан соғып, көңілге медеу тұтқандары жалқы ұпай болып, бейбіт тарқасты.
Көшбасшылар осылай жаппай сүрініп жатқанда «Ертіс» «Тобылды» тобықтан шалып, оларға мейлінше жақындай түсті. Ал «Ордабасы» команда тізгінін Виктор Пасулько қолына алғалы ойын өрнектері жетіліп келе жатқандығын көрсетіп, Сыр бойында «Қайсарды» қайыстырды. Қызылорда клубы тас қамал қақпашыға жарымай жүргендігін тағы да сездіріп алды. «Қайрат» болса Алатаудың бөктерінде тасын өрге домалата алмай жүрген «Таразды» ұтып, шектен тыс жеңілістеріне жабырқап жүрген жанкүйерлерін жадыратты.
«Восток» (Өскемен) – «Ақтөбе» (Ақтөбе) – 0:0
«Атырау» (Атырау) – «Локомотив» (Астана) – 0:0
«Шахтер» (Қарағанды) – «Жетісу» (Талдықорған) – 3:3
Голдар: Хижниченко, 33. Досманбетов, 77. Досманбетов, 86 – Мужиков, 22. Щеткин, 26. Бакаев, 73.
«Ертіс» (Павлодар) – «Тобыл» (Қостанай) – 3:2
Голдар: Даскалов, 9. Кулибали, 78. Дорош, 90 – Кислицын, 2. Юрин, 5.
«Қайсар» (Қызылорда) – «Ордабасы» (Шымкент) – 1:2
Голдар: Тағыберген, 10 – Мұхтаров, 83. Трайкович, 90-пенальтиден.
90-минутта Црногорац (Қ) алаңнан қуылды.
«Қайрат» (Алматы) – «Тараз» (Тараз) – 1:0
Гол: Христов, 79.
Автор: Әлихан Жаппар