Көшбасшылыққа талас көп

07.04.2011, 16:08
Көшбасшылыққа талас көп
Осы күндері еліміздің барлық өңірлерінде қар еріп, күннің беті бері қарағанда Қазақстан чемпионаты премьер-лигасының ойындары да қыза бастады. Күні кеше премьер-лигада өнер көрсететін командалар кезекті ойындарын өткізіп, биылғы маусымға қай ұжымның қандай дайындықпен келгендерін тағы бір рет көрсетті. Бесінші турда турнир кестесінде көш бастап келе жатқан Талдықорғанның «Жетісу» клубы сырт алаңда «Тараздан» 1:0 есебімен басым түссе, «Ертіс» Алматыда «Қайратты» 3:1 есебімен ұтты. Сөйтіп, өткен турда Шымкентке қонаққа барып, алаң иелерін жеңген тараздықтар бұл жолы өз алаңында қонақтардан есе жіберуге мәжбүр болды. Ал «Ертіс» қатарынан екі тур қажетті 6 ұпайды еншілеп, турнир кестесіндегі жағдайын біршама түзеп алды. Былтырғы маусымда премьер-лигада аман қалған «Қайраттың» жолы әлі болмай жүр. Чемпионат басталысымен бір рет қана жеңісті тойлаған алматылықтар соңғы кездері біресе ұтып, біресе тең ойнап келеді. Қазір турнир кестесінде 5 ұпаймен 8 орында тұрған «Қайрат» алдағы кезде жанкүйерлерінің көңілінен шығуға бар күштерін салады деген ойдамыз. Осы турда вице-чемпион «Ақтөбе» мен Қызылорданың «Қайсар» командасы өз алаңында жеңіске жетті. Ақтөбеліктер Шымкенттің «Ордабасы» ұжымын қабылдап, 2:1 есебімен ұтса, Сыр бойының сайыпқырандары «Атыраудан» 1:0 есебімен басым түсті. Бұл ойында жалғыз допты молдовалық легионер, Александру Мак­сим соқты. Сөйтіп, ол чемпионаттағы екінші добын соғып үлгерді. Ал «Ақтөбе» мен «Ордабасы» матчында камерундық Тити Эссомбо 14-минөтте өзінің алғашқы добын соқса, Марат Хайруллин төртінші добын қақпаға тоғытты. Қазір ол одан бір доп кем соққан «Локомотивтің» шабуылшысы Таңат Нөсербаев екеуі мергендер көшін бастап келеді. Бесінші турда «Восток» – «Тобыл», «Шахтер» – «Локомотив» кездесулері тең есеппен бітті. Өз алаңында «теміржолшыларды» қабылдаған Қарағанды командасы қанша шабуылдаса да бір доп соға алмай кетті. Бұл жағдай астана­лықтардың турнир кестесіндегі орнын жақсартты. Сөйтіп, сырт алаңда бір ұпай иеленген «Локомотив» 10 ұпаймен төртінші орынға шықты. Ал «Шахтер» болса, осыншама ұпаймен одан бір жоғары орынға жайғасты. Осы турдағы ең қызықты ойын Өскеменде «Восток» пен «Тобыл» арасында өтті деуге болады. Онда ел чемпиондары матчтың 79-минөтіне дейін алаң иелерін 2:0 есебімен жеңіп келе жатқан еді. Бірақ, ойын аяқталуына 10 минөт қалғанда «Восток» намысқа тыры­сып, есепті теңестіріп кетті. Бесінші турдан кейінгі турнир кестесі Командалар ойын жеңіс тең жеңіліс доптар ұпай 1. «Жетісу» 5 4 0 1 7-1 12 2. «Ақтөбе» 5 4 0 1 9-5 12 3. «Шахтер» 5 3 1 1 7-3 10 4. «Локомотив» 5 3 1 1 4-3 10 5. «Ертіс» 5 3 0 2 9-8 9 6. «Восток» 5 1 3 1 7-8 6 7. «Атырау» 5 1 2 2 6-7 5 8. «Қайрат» 5 1 2 2 4-6 5 9. «Қайсар» 5 1 2 2 2-6 5 10. «Тобыл» 5 1 1 3 7-7 4 11. «Ордабасы» 5 1 0 4 2- 3 12. «Тараз» 5 1 0 4 2-7 3 Дастан КЕНЖАЛИН.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×