"Челси" бас бапкері Энцо Мареска "Арсеналға" қарсы маңызды матч алдында жақсы жаңалықпен бөлісті, деп хабарлайды Aladop.kz.
Жаз айларынан бері жарақатпен жүрген Коул Палмер толық қалпыңа келіп, лондондық дербиде алаңға шығуға дайын.
Біраз уақытты қалпына келуге арнаған Палмер өткен аптада "Бёрнлиге” қарсы ойында алаңға шығуы мүмкін еді. Алайда үйінде башпайын сындырып алып, қайтадан ем-дом алуға мәжбүр болған. Мареска бастапқыда оны "Арсеналға” қарсы кездесуге қатыспайды деп айтқан болатын, алайда Палмер күтпеген жерден тез қалыпқа келген көрінеді.
Бапкердің сөзінше, жас жұлдыз толықтай жаттығуға қосылған:
"Ол ойынды бастап та, ойынға араласып та кете алады. Команда қуанышты, Палмердің өзі де. Футболшы үшін ең маңыздысы — күнделікті жаттығу жасап, ойынға қатысу.” — деді Мареска.
Палмер осы маусымда небәрі үш матчқа қатысып, жалпы 145 минут қана ойнады. Соған қарамастан, Мареска оның командадағы рөлін ерекше бағалайды:
"Ол — біздің ең үздік ойыншымыз. Қайтып келгеніне қуаныштымыз. Әлі де толық жүз пайызға жетуге уақыт керек, бірақ өткен маусымдағы керемет ойынына қарап, бізде еш күмән жоқ — ол клубқа әлі талай пайда әкеледі."
Палмер жоқ кезде жас Бразилиялық Эстевао жарқырай түсті. Ол клуб пен ұлттық құрамада үздік формасының арқасында жанкүйерлерді тәнті етіп жүр. Жанкүйерлер екі таланттың бірге алаңда өнер көрсету мүмкіндігін сұрағанда, Мареска былай деді:
"Олар бірге ойнай алады. Бірақ бұл ойын жоспарына байланысты. Әрине, екеуі де өте жақсы ойыншылар. Жанкүйерлер де, біз де қуаныштымыз. Ең бастысы — тепе-теңдікті сақтау."
Қарсы командада жағдай сәл күрделірек. Микель Артета Леандро Троссардың жарақатын асқындырып алғанын айтып, оның матчқа қатысуы күмән тудыратынын мәлімдеді.