2026 жылғы футбол маусымы Қазақстан Премьер лигасы үшін жаңа есімдер мен ескі таныстардың тоғысқан кезеңі болмақ. Биылғы чемпионатта тактикалық текетірестер ғана емес, бапкерлік мектептердің де үлкен бәсекесі күтілуде. Лигадағы 16 ұжымды кімдер жаттықтырады? Отандық мамандар мен легионерлер арасындағы тепе-теңдік қандай?
Биылғы маусымда халықаралық аренада аты озған және Қазақстан футболының қыр-сырын жақсы білетін майталмандардың шоғыры қалың.
“Астана” – Григорий Бабаян: Клубтың нағыз символы. 2012 жылдан бері елордалық ұжымның барлық жеңісті белестерінде (5 чемпиондық, Еурокубоктар) болған маман биыл да басты фаворитті алға сүйрейді.
“Атырау” – Владимир Чебурин: Литвада "Жальгирис” пен "Судуваны” чемпион қылып, Еурокубоктың топтық кезеңіне шыққан отандасымыз елге үлкен абыроймен оралды. Маман Қазақстан жастар құрамасын емес “Мұнайшыларды” баптауды таңдады.
“Алтай” – Вахид Масудов: Қазақстандық бапкерлер цехының ақсақалы. "Алтайды” элитаға қайта алып келген маманның мол тәжірибесі жас команда үшін таптырмас құрал.
“Ақтөбе” – Николай Костов: Болгария, Украина, Ресей және Кипрде жұмыс істеген Костов — биылғы маусымдағы ең халықаралық бапкер. Бірақ, жақын уақытта орнын босатуы мүмкін.
Кеше ғана жасыл алаңда жанкүйерлердің сүйіктісі болған экс-футболшылар бүгін қолына ысқырық алып, бапкерлік қызметке білек түре кіріскен.
“Тобыл” – Нұрбол Жұмасқалиев: Қостанай футболының тірі аңызы. Клубтың намысын ойыншы ретінде де, директор ретінде де қорғаған Нұрбол енді бас бапкер ретінде өз биігін бағындыруға ниетті.
“Елімай” – Андрей Карпович: Семей футболының түлегі өз үйіне оралып, «Елімайдың» қайта өрлеу дәуірін бастап берді. Ұлттық құраманың бұрынғы капитанынан жанкүйерлер тек биік нәтиже күтеді.
“Жетісу” – Қайрат Нұрдәулетов: Қазақстан құрамасының тағы бір экс-капитаны Талдықорғанға қайта оралды. Оның қатал тәртібі мен қорғаныстағы шеберлігі «Жетісудың» басты қаруы болмақ.
“Ұлытау” – Нұркен Мазбаев: Сұрмерген шабуылшының бапкерлік қолтаңбасы шабуылға негізделген. "Ұлытау” жобасы Мазбаевтың жетекшілігімен жаңа деңгейге көтерілмек.
Лигаға жаңа дем беріп жатқан жас мамандар мен көршілес елдерден келген стратегтердің де орны бөлек.
“Қайрат” – Рафаэль Уразбахтин: Клуб академиясынан шыққан маманға "Қайрат” басшылығы 2027 жылға дейін сенім артты. Бұл — жас бапкер үшін үлкен мүмкіндік әрі зор жауапкершілік. Оның мақсаты команданы 3-ші маусым қатарынан чемпион қылу.
“Ордабасы” – Андрей Мартин: Молдова чемпионы және "Петрокубты" Еурокубокқа алып шыққан маман Шымкентте де сол жетістігін қайталағысы келеді.
“Ертіс” – Кирилл Альшевский: "БАТЭ"-мен жетістікке жеткен Беларусь маманы Павлодар футболының бұрынғы даңқын қайтару үшін шақыртылды.
“Жеңіс” – Әли Әлиев және “Каспий” – Пыралы Алиев: Ағайынды Алиевтердің бапкерлік бәсекесі биылғы маусымның сәні болмақ. Екеуі де заманауи футболды насихаттайтын мамандар.
ҚПЛ 2026 бапкерлер корпусы үш топқа бөлінген: халықаралық тәжірибесі бар стратегтер, жергілікті футбол аңыздары және жаңашыл жас мамандар. Мұндай әртүрлілік чемпионаттың тактикалық деңгейін көтеріп, жанкүйерлер үшін тартысты маусым сыйлары анық.