ҚПЛ 3-тур: Сенсациялар сенбісі

Бүгін, 19:48

21 наурыз күнгі ҚПЛ ойындары нағыз сенсацияларға толы болды. Күннің басты оқиғасы — Семейдің “Елімайы” сырт алаңда “Ақтөбені” 4:1 есебімен ойсырата жеңіп, жанкүйерлерді таңғалдырды. Ал Алматының “Қайраты” биылғы маусымда алғаш рет ұпай жоғалтып, Талдықорғанның “Жетісуымен” өткен матчта голсыз тең тарқасты (0:0). Сонымен қатар, Көкшетаудың “Оқжетпесі” өз алаңында “Ұлытауды” 2:1 есебімен тізе бүктіріп, жеңісті соңғы секундтарда жұлып алды.

ҚПЛ 3-тур: Сенсациялар сенбісі

Бүгінгі тур ҚПЛ-да оңай шағылатын жаңғақ жоқ екенін көрсетті. Бір команда соңғы секундқа дейін шыдап жеңісті жұлып алса, екіншісі допқа иелік еткенімен гол соға алмады. Ал енді бірі алғашқы голды соққанымен, артынша ойсырай ұтылды. Демек, биылғы маусымда бәсекелестік өте жоғары және әр ұпай үшін нағыз шайқас жүріп жатыр.

“Оқжетпес” 2:1 “Ұлытау” 

“Оқжетпес» стадионына жиналған 4000 көрермен бүгін нағыз драманың куәсі болды. Ойын басталғаннан-ақ тартыс қызып, 18-минутта Нұрғайни Бөрібаев есеп ашып, жанкүйерлерді бір серпілтті. Алайда бірінші таймның соңында, дәлірек айтсақ 45+4-минутта Хироки Харадатаразы басын теңестіріп кетті.

Бұл жеңістің мәні есептегі сандардан да тереңірек. “Ұлытау” бүгін тағы да темірдей тәртіп пен төзімділіктің үлгісін көрсетті. Бірінші таймның соңында Харада соққан голдан кейін, олар ойын тізгінін бермей, ұзақ уақыт бойы теңдікті ұстап тұрды. Алайда “Оқжетпестің” айласы асып түсті. көкшетаулықтар матч соңына дейін қарқынды бәсеңдетпей, қарсыласты қыспаққа алуын тоқтатпады. Нәтижесінде, соңғы секундтағы жалғыз мүмкіндікті голға айналдырып, жеңісті жұлып алды. Бұл — жай ғана үш ұпай емес, нағыз жеңімпаздарға тән қайсар мінездің көрінісі.

Өткен турда сырт алаңда “Каспийді" (3:1) тізе бүктірген Көкшетаулықтар бүгінгі жеңістен кейін 7 ұпаймен үздік үштікке нық жайғасты. Қазіргі таңда “Оқжетпес” — маусым басындағы ең жинақы әрі жүйелі командалардың бірі болып отыр. Ал “Ұлытауға” келер болсақ, олардың басты қателігі — шабуылда емес, қорғаныстағы сақтықтың жетіспеуі болды. Қарсыластың соңғы минуттардағы қысымына төтеп бере алмауы Жезқазғандықтарды маңызды ұпайдан айырды.

“Жетісу” 0:0 “Қайрат” 

Алматыдағы “Хан-Тәңірі” стадионында жиналған 2700 жанкүйер күтпеген нәтиженің куәсі болды. Маусымды сәтті бастаған “Қайрат” Талдықорғанның “Жетісуын” жеңе алмай, алғаш рет ұпай жоғалтты. Қос команда 90 минут бойы бір-бірінің қақпасына жол таба алмай, ойын 0:0 есебімен тең аяқталды. Бұл нәтиже “Қайраттың” жеңісті сериясын тоқтатып, турнирлік кестедегі жағдайын сәл қиындатты.

Алматыдағы ойын екі түрлі сипатта өтті. Бірінші таймда тізгін толықтай “Қайраттың” қолында болдыч Алматылықтар матч басынан ширақ қимылдап, Дастан Сәтпаев бастаған шабуылшылар бірнеше қауіпті сәтті пайдалана алмады.

Алайда екінші таймда жағдай күрт өзгерді. “Жетісу” батыл ойнай бастаған тұста, 65-минутта Луиш Мата қызыл қағаз алып, “Қайратты” қиын жағдайда қалдырды. Бір ойыншысы кем болса да, чемпиондар допқа иелік етуді тоқтатқан жоқ. Дегенмен, Талдықорғандықтардың қорғанысын бұзып, жеңіс голын соғуға қауқарлары жетпеді.

Алматылықтар үш тур бойы өз қақпасына бірде-бір гол жіберген жоқ. Бұл — қорғаныс шебінің өте сенімді екенін және турнирлік кестедегі 7 ұпайдың заңды екенін көрсетеді.

Қорғанысы мықты болғанымен, “Қайрат” шабуылда әлі де ақсап тұр. Үш ойында небәрі 2 гол соғу — нағыз фаворит үшін аздық етеді. Команда қарсыласты ерте бастан қыспаққа алып, ойын тағдырын алдын ала шешіп тастайтын деңгейге әлі жеткен жоқ.

“Жетісу” үшін бұл 0:0 есебі — жай ғана бір ұпай емес, нағыз ерлікпен тең нәтиже. Маусымды сәтсіз бастаған Талдықорғандықтар бұл ойында темірдей тәртіп пен қайсар мінез көрсетіп, кез келген фаворитке тісі бататынын дәлелдеді.

Матчтан кейін “Қайраттың” бапкері Рафаэль Уразбахтин алаң сапасын ашық сынады. Оның айтуынша, нашар төсеніш шеберлікке негізделген көрікті футбол ойнауға мүмкіндік бермеген. Бапкердің бұл сөзі ойынның неге соншалықты тұйық әрі тек күреске құрылған сипатта өткенін түсіндіріп тұрғандай.

“Ақтөбе” 1:4 “Елімай”

Бүгінгі күннің ең ірі сенсациясы Түркістанда тіркелді. Ойынның басы “Ақтөбе” үшін өте сәтті басталған еді, 17-минутта Артур Шушеначев есеп ашып, Ақтөбеліктерді алға шығарды. Бірінші таймда басымдық танытқан “Ақтөбе” жеңіске жақын көрінген.

Алайда екінші таймда “Елімай” нағыз мінез көрсетті. 59-минутта Фессу Плакка таразы басын теңестіріп, ойынға жан бітірді. Осыдан кейін алаңда тек Семей клубының үстемдігі орнады.

Роман Мұртазаев 78-минутта командасын алға шығарды. 85-минутта Айбар ЖақсылықовМұртазаевтың пасынан кейін есепті еселеді. Ал қосымша уақытта (90+2) Роман Мұртазаев дубль жасап, матчқа нүкте қойды.

Осылайша “Елімай” бір таймның ішінде “Ақтөбенің” тас-талқанын шығарып, маусымдағы ең ірі жеңістерінің біріне қол жеткізді. Роман Мұртазаев 2 гол және 1 нәтижелі паспен матчтың басты қаһарманы атанды.

Бұл ойынның ең түсініксіз, әрі маңызды тұсы — “Ақтөбені” есепте алда тұрып, тізгінді өз еркімен беріп қоюы. Логика бойынша, бірінші болып есеп ашқан команда ойынды өз бақылауында ұстауы тиіс еді. Алайда 59-минутта “Елімай” таразы басын теңестіргеннен кейін, матчтың тағдыры 180 градусқа өзгерді.

Семейліктер сенімділікке ие болса, “Ақтөбе” керісінше, өз әуенінен жаңылды. Әсіресе соңғы 15 минутта қақпасына үш гол жіберіп алуы — бұл жай ғана жекелеген ойыншылардың қателігі емес, командалық тепе-теңдіктің толықтай бұзылғанының белгісі.

Биылғы маусымда чемпиондық титулдан үміткер клуб үшін мұндай күйреу — өте қауіпті сигнал. Бұл жеңіліс команданың психологиялық дайындығы мен қиын сәтте жинақылық сақтай алу қабілетін үлкен сұрақ астына қалдырды.

“Елімай” үшін бұл — жай ғана үш ұпай емес, маусымның нағыз бетбұрыс сәті.

Осы ойынға дейін Семей клубының қоржынында екі матчтан кейін небәрі 2 ұпай ғана бар болатын. Түркістандағы ірі жеңіс олардың ұпай санын бірден 5-ке жеткізіп, турнирлік кестенің жоғарғы бөлігіне жақындатты.

Бұл — “Елімайдың” биылғы маусымдағы алғашқы жеңісі. Бұл жеңіс кездейсоқ емес, чемпиондықтан үміткер “Ақтөбедей” алпауытқа қарсы келді.

Мұндай ірі есеппен басым түсу командаға өзіне деген сенімділік ұялатып, алдағы ойындарға үлкен серпін берері анық.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×