ҚПЛ чемпионын анықтайтын апта ма?

04.10.2024, 13:58

Бүгін премьер-лиганың 22-туры жалғасады. Мұнда жанкүйер назарын ерекше аударатын матч, әрине, «Ақтөбе» мен «Қайраттың» теке-тіресі.

ҚПЛ чемпионын анықтайтын апта ма?

Сондай-ақ, елордалық «Жеңіс» пен «Тобылдың», «Атырау» мен «Тұранның» арасында да тартысты ойын күтіледі.

«Ақтөбе» - «Қайрат»

Бұл бәсекенің маңызы айрықша. Қос команда үшін де ерекше ойын. Турнирлік кестеде көршілес орналасқан ақтөбеліктер мен алматылықтардың бүгін қай жеңгені қарсыласын артқа тастап, бір саты жоғарыламақ. Ал ең бастысы - бүгінгі жеңімпаз алтынға таластағы жағдайын едәуір жақсартып алады. Сонымен, қос команданың чемпионат соңындағы жағдайы қалай? Дәл қазір «Қайраттың» қарсыласынан бір ұпайлық басымдығы бар және ең басты факт - Рафаэль Уразбахтиннің командасында «Ақтөбеден» бір кездесуі кем. Биылғы біріншіліктегі алғашқы жеңілісінің дәмін «Қайрат» дәл осы қарсыласпен өткен ойында татып еді. «Ордабасының» өзін ұтып, алғашқы турларда жақсы келе жатқан алматылықтар сәуірде Орталық стадионда «Ақтөбеден» оңбай ұтылған (1:3). «Қайратты» қамшылайтын соның қарымын қайтару. Ал былай жалпы, ҚПЛ-дің кез-келген командасы үшін «Ақтөбені» Қобыланды батырда тізе бүктіруден артық мотивация жоқ шығар?!

Кеше ойламаған жерден сүрінген «Елімай» чемпиондық таластағы жағдайын күрт нашарлатып алды. «Қайрат» ұпай жоғалтса, сол семейліктердің кебін киейін деп тұр. Бүгінгі ойыннан кейінгі кестесінің де шекесі қызып тұрған жоқ. Андрей Карповичтің командасын сан соқтырып кеткен «Жетісумен» ойыны бар. Ал ең ауыр бәсеке қазанның соңғы аптасында «Ордабасыға» қарсы болады. Әупірімдеп жүріп көшбастаған шымкенттіктердің енді бірінші орынды ешкімге оңайлықпен бере қоймасы анық. Былтырғы чемпионның тізгініндегі Кирилл Кекердің де «Қайратқа» жақсылап дайындалатыны түсінікті. Қай бапкер өзінің бұрынғы клубына қарсы матчта біліктілігін дәлелдегісі келмейді?

«Атырау» - «Тұран»

Ел кубогін уысынан шығарып алған атыраулықтардың ызалы екені анық. Түркістандықтар үшін бүгін «ит ашуын тырнадан алыптының» кері келіп жүрмесе болды. Виталий Жуковский командасындағы көңіл-күйдің градусын абайламай сөйлемін деп тәртіпке тартылған Сигневичтердің «лебіздерінен-ақ» көруге болады. Атыраулық ұжым үшін бұл ойынның анау айтарлықтай турнирлік маңызы жоқ. Бірақ, апта бұрынғы жеңілісті қалай да жуып шаю керек. Сондықтан, алаң иелерінің алдындағы ең басты фактор, ол әрине жанкүйер алдындағы абырой. Оның үстіне түркістандықтарға алғашқы айналымда кеткен есе де есте дегендей (2:1).

Беларусиялық маман өзінің біліктілігінің ҚПЛ алаңдарында әлдеқашан-ақ дәлелдеп қойған. Биыл да тәуір команда жасақтай алды. «Атырау» жүлдеге іліне алмаса да премьер-лигадағы ортаңқол ұжымның біріне айналды. Кубоктің финалы да бұл команданың дәрежесін көрсетеді. Биылғы біріншіліктен ұшуы кәдік клубтың бірі осы Түркістандық ұжым еді. Алайда, жанұшыра күрескен «Тұран» соңғы бес турда жағдайды түзеп алды. Тікелей қарсыласы болған «Шахтер» мен «Қызыл-Жарды» ұтты. Сырт алаңда Талдықорғаннан ұпай олжалап қайтты. Осы жетістіктері түркістандықтарды аман қалатын секілді. Турнирлік кесте де солай дейді: өкшелеп қалған «Жеңістен» 5, ал кеншілерден бақандай 10 ұпайы артық тұр. Қысқасы, бүгін қос команданы жанкүйер намысы ғана қамшылайды.

«Жеңіс» - «Тобыл»

Атырауда өтетін ойынға қарағанда бұл екі ұжымның алдында өзіндік міндеттер бар. Бұл бәсекенің ең бірінші кезекте елордалықтар үшін маңызы жоғары деуге болады. Акис Вавалис шәкірттері өткен жолы «Астананың» өзінен ұпай тартып алған болатын. Жалпы, елордалықтардың біріншілік соңына қарай ойындары тәуір. Алайда, кеш емес пе деген ой келеді. Теориялық тұрғыда мүмкіндік әрқашан сақталады, әрине, бірақ тікелей қарсыластары «Қызыл-Жар» мен «Тұранға» жету қиын. Қалай дегенде де, «Жеңістің» біраз уақыттан кейін қайтып оралған премьер-лигадағы орнын сақтау үшін барын салатыны күмәнсіз.

Нұрбол Жұмасқалиевтің командасы соңғы екі кездесуде қарсыластар қақпасына төрт гол ұрып, сенімді жеңіске жетті. «Ақтөбенің» өзін 3:0-мен ойсыратып жіберді. Сондықтан, қостанайлық клуб жеңісті серияны бүгін де жалғастыруға ниетті. Нұрбол Жәрдемұлының ұжымына бас жүлденің ауылы алыс, бірақ жүлдеге ілінетін мүмкіндік әлі де сақталған. Қостанайға ҚПЛ жүлдесімен бірге Еурокубоктік ойындарды әкелуді мақсат тұтқан командаға бүгін міндетті түрде үш ұпайды олжалау керек. Себебі, қалған төрт кездесудің екеуінде «Тобыл» «Ордабасы» мен «Астанаға» қарсы ойнайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 7
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×