ҚПЛ-дің екінші турынан не күтеміз?

05.03.2024, 16:31

Бүгін ҚПЛ-дің екінші туры басталады. Өткен турда біраз қызық болған. Енді бүгін басталып бейсенбіге дейін жалғасатын ойындарда командалар футболсүйер қауымға не ұсынар екен. Тамашалауға тұрарлық қандай матчтар бар?

ҚПЛ-дің екінші турынан не күтеміз?

“ЖЕТІСУ” – “АСТАНА”

Екінші турдың шымылдығын «Жетісу» мен «Астана» ашады. Талдықорғандық команданы тас-түйін дайындаған Қайрат Нұрдәулетовтің жоспары мен көңіл күйін «Ақсу» бұзды. Павлодарлық команданың биылғы чемпионаттан бас тартуы себепті «Жетісу» бірінші турда ойнамаған еді. Осылайша, 2024 жылғы жарыс жолын жетісулық клуб бүгін «Астанамен» бастамақ. Григорий Бабаянның командасы бірінші турдағы дербиде «Жеңісті» жеңді. «Астана» екі таймда екі гол соғып, жанкүйерлерін қуантқан. Соңғы уақытта жүрісінен жаңылған астаналықтар бірінші турдағы жеңістің кездейсоқ болмағанын бүгін дәлелдемек. Ол үшін командада барлық жағдай бар секілді көрінді. Клубқа қосылған Барнес Осей, Усман Камаралар әріптестерімен тіл табысқандай. Бұл бәсеке кешкі 17-00 де. «Жетісу» мен «Астананың» кездесуі сейсенбілік ойын күніндегі жалғыз матч.

«ҚАЙСАР» - «ҚЫЗЫЛ-ЖАР»

Екінші турдың бірнеше бәсекесі сәрсенбіге жоспарланған. Бұл күні тартысты ойын «Қайсар» мен «Қызыл-Жардың» арасында өрбімек. Қос команда да алғашқы кездесулерінде жеңіліп қалды. Бірақ, қарсыластарына еш қауқар таныта алмады деуге аузың бармайды. Әсіресе, «Қызыл-Жар». Петропавлдық клубты бірінші лигадан ҚПЛ-ге шығарған Әли Әлиевтің команда да кәдімгідей қолтаңбасы қалыптасыпты. Бірінші лиганың 2021 жылғы үздік бапкерінің тәп-тәуір ұжымды жасақтағанын байқадық. Биыл «Қызыл-Жар» ешкімге оңайлықпен ұпай бермес. Қасқырлардың да бірінші турда жолы болған жоқ. «Ақтөбеге» кеткен есесін қайтарып, ертең биылғы ҚПЛ-дегі алғашқы ұпайын алуға тырысады.

«АТЫРАУ» - «ОРДАБАСЫ»

Ел чемпионы биылғы біріншілікті өте сәтті бастады. Суперкубокте «Тобылға» жинаған ашуын аямай «Шахтерден» алды. Алғашқы турдағы ең көп гол салған («Ордабасы» - «Шахтер» - 5:0) да осы «Ордабасы» екен. Енді Александр Седневтің командасы жеңісті жолын ертең «Атырауда» жалғастыруға тырысады. Мұнайшылар өткенде «Елімаймен» ұпай бөліскенін білеміз.

«ТОБЫЛ» - «ЕЛІМАЙ»

Милич Чурчичтің «Тобылы» жыл басынан бері екі ресми ойында жеңіс тойын тойлады. Қостанайлықтардың Суперкубоктегі жігері «Тұранды» тырп еткізбеуге («Тобыл» - «Тұран»2: 0) жетті. ҚПЛ-дің су жаңа өкілі «Елімайға» ертең өте қиын болатыны анық. Андрей Карпович маусымаралық үзілісте семейлік клубты біраз күшейткен. Соны енді ертең паш ететін жақсы мүмкіндік бар. Ал жалпы, «Елімай» өткенде «Атыраумен» де жаман ойнаған жоқ.  

«ЖЕҢІС» - «ШАХТЕР»

Қос команданың бірінші турда жолы болмады. Әсіресе, Қазақстандағы тарихы бай клуб – «Шахтерді» соншалықты қауқарсыз болады деп кім ойлаған? Мейлі бірінші тур болса да, мейлі былтырғы чемпионмен ойнаса да. Қалай дегенде де, кенді қаланың жанкүйерлері қатарынан екінші жеңіліске қуана қоймайды. Астаналық клубқа да жанкүйері үшін тырысатын себеп жетерлік. Ең алдымен «Жеңіс» ҚПЛ-ге бекер қайтып оралмағанын дәлелдеуі тиіс.

«ТҰРАН» - «ҚАЙРАТ»

Биыл көптің көкейінде жүрген сұрақ - Алматылық клубтың жағдайы. Үшінші-төртінші орындардан көз ашпай тұрған Кекер командасы үшін жаңа ҚПЛ жаман басталған жоқ. «Қызыл-Жарды» «2:0» ұтты. Еліміздің Оңтүстік аймақтарындағы ағайынның қонақжайлылығын жақсы білеміз. Бірақ, бейсенбіде Түркістанда алматылықтарға ешкімнің құшақ жайып тұрмайтыны анық. Өйткені, «Тұранға» да ұпай керек.                        

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×