Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының жарыстарды ұйымдастыру дирекциясы тамыз айының қорытындысы бойынша үздік ойыншы мен үздік бапкерді жариялады.
Бұл мәртебелі атақтар клуб капитандары мен бапкерлерінің дауыс беруі арқылы анықталды. Ойыншылар арасындағы таңдауды капитандар мен жаттықтырушылар жасаған болса, үздік бапкерді тек командалардың бапкерлері таңдады.
Тамыздың үздік ойыншысы – Ғалымжан Кенжебек
22 жастағы "Елімай” клубының жартылай қорғаушысы Ғалымжан Кенжебек тамыз айының басты кейіпкері атанды. Ол Премьер лигада төрт матч өткізіп, үш гол соғып, екі нәтижелі пас берді. Ғалымжанның жарқын ойыны "Елімайдың” "Ақтөбе" мен "Қайратты" жеңуінде шешуші рөл атқарды.
Естеріңізге сала кетейік, маусым басынан бері бұл атақты бірнеше мәрте Дастан Сәтпаев иеленіп келген еді. Ол наурызда Марин Томасовпен бірге үздік атанса, сәуір мен мамыр айларында жеке дара топ жарды.
Маусымда марапат "Тобыл” мен ұлттық құрама шабуылшысы Ислам Чесноковқа бұйырған, ал шілдеде Сәтпаев төртінші рет жеңімпаз атанған болатын.
Тамыздың үздік бапкері – Рафаэль Уразбахтин
Ал үздік бапкер атағы тағы да "Қайраттың” бас бапкері Рафаэль Уразбахтинге берілді. Бұл оның қатарынан екінші ай үздік атануы. Уразбахтин шәкірттері шілдеде Премьер лигада үш кездесу өткізіп, екеуінде жеңіске жетіп, бірінде ұтылған. Ең бастысы, "Қайрат” Уразбахтиннің тактикалық шеберлігінің арқасында Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде "Слован" мен "Селтикті” жолдан шығарып, топтық кезеңге жолдама алды.