10 маусымда елде жазғы трансферлік терезе ресми түрде ашылады, алайда клубтар қазірдің өзінде жаңа ойыншылар, әсіресе шетелдік жұлдыздар үшін астыртын келіссөздерді қызу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Aladop.kz.
Елдар Аманбаевтың мәліметіне сүйенсек, бұл трансферлік кезеңде ҚПЛ-дың бірде-бір клубы күшейтусіз қалмайды. Барлық ұжымдар өздерінің осал тұстарын анықтап, құрамды жинақтау жұмыстарына білек сыбана кірісіп кеткен.
Әсіресе, алтын жүлде мен Eурокубок жолдамалары үшін таласатын ел грандтары арасында ірі трансферлер күтілуде.
Чемпиондыққа басты үміткерлер мен өзге де ұжымдар құрамды төмендегідей өзгертпек:
– "Қайрат": Ел чемпионы алтын тақты қорғап қалу үшін кем дегенде екі мықты легионерді сапына қосуды көздеп отыр.
– "Ордабасы": Алматылықтардың бас бәсекелесі, Шымкенттік ұжым трансфер нарығында тіптен белсенді. Олар бірден үш шетелдік футболшымен толықпақшы.
– "Тобыл": Қостанайда үлкен тазалық күтілуде. Клуб қазіргі құрамдағы үш легионермен қоштасуға дайын және олардың орнын басатын жаңа ойыншыларды іздеуді бастап кетті.
– "Қайсар" және "Жеңіс": Қызылордалықтар мен елордалық ұжым да нарықта белсенді жұмыс істеп жатыр. Қос команда да ішкі бәсекелестікті арттыру үшін үш-үштен жаңа футболшы алдыруды жоспарлауда.