ҚПЛ-де 10 жылдан астам жұмыс істеп жүрген төреші инспектор Серік Қошқаров «Аладоп.кз» сайтына сұқбатында Қазақстандағы қазылардың жүмысын бағалап, пікірін айтты.
«Үш турда төрешілердің жіберген қатесі өте көп. Сұмдық. Премьер-лиганың трансляциясы сын көтермейді. Ұят тіпті айтуға. Трансляцияның сапасы қайда? Кім жауапты осыған? Матчта болған сәттерден қайталау деген атымен жоқ. Бірдеңені қайталап, зерделеу мүмкін емес. «Алтай» - «Каспий» кездесуінде Вахид Масудов («Алтайдың» бас бапкері, ред,.) біраз байбалам салды. Болған жайтқа көңілі толмады ма тіпті алаңға дейін шығып алған... Ал төрешілер жұмған аузын ашпайды, қорқытып тастаған сияқты көрінеді екен сырттан... Төреші деген кездесудің ресми өкілі емес пе, неге, кімнен қорқады? Шықты ма, соңына дейін жауапты болуы керек, ешкімге жалтақтамай шешім қабылдай алуы тиіс. Өзінің ақшасын адал ақтауы керек қой”, – деді отандық маман.
С. Қошқаров премьер-лигада жең-ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықтың жайлап тұрғанын да назарға алды. Айтуынша, ҚПЛ матчтарында қызмет жасайтын кейбір азаматтардың кәсібилігі өте төмен.
«Бізде қазір төрешілікте бәсекелестік жоқ. Белгілі бір топ бар, тек соларды ғана шақырады матчтарға. Ал солардың кейбірінің талаптарға сай еместігін білемін. Біздің кездегі критерийлер қатал болатын – жүгіре алмадың ба бітті, төрешіліктен қол үзе бер дей бер. Былтырлар арнайы оқу-жаттығу жиындарына қатысқам, кейбір азаматтардың жүгіре алмайтынын, ешқандай нормативтерге сай болмағанын көрдім. Жоғары деңгейде қызмет етуге мүлде дайын емес, бірақ тамыр-таныстың арқасында жүре береді. Әсіресе, аймақтарда солай, еліміздің солтүстік аймақтарында біраз бей-берекетсіздік бар. Төрешілік жасамайтын, іс-жүзінде мүлде білмейтін адамдарды премьер-лигаға әкеліп қояды. Дәл қазір ҚПЛ-де жүрген төрешілер аймақтарда жұмыс істеп көрмеген. Дайынға әкеліп, тағайындай салады, мол табысқа. Ал аймақтарда ондай ақша жоқ қой? Мені шеттетіп тастады. Себепсізден себепсіз, ештеңе түсіндірген де жоқ. Давид Лорияның өзіне тікелей шықтым, «бас хатшысыз ғой, Нуну Каштруге айтыңыз, сіз мұндай мәселелерді шешуіңіз керек, бұл лауазымда не үшін отырсыз жалпы» дедім. Жүрдім бардым жауап алдым. Давид Лория «өзің Астанаға кел» деп жауап берді. Бардым, Нуну Каштрумен жолықтым. Арман Ісмұратовты таба алмадым бірақ», - деді С. Қошқаров.