Семейдің "Елімай" клубы жеке инвесторларды тарту және коммерцияландыру бағытында маңызды қадам жасады, деп хабарлайды Aladop.kz.
Клуб балалар спортын қолдау мақсатында өз акцияларының бір бөлігін сатты.
"Azaliya” жеке кәсіпкерлігінің директоры Әмір Қайратұлы клубтың акцияларын 5 миллион теңгеге сатып алып, "Елімайдың" ресми акционері атанды. Бұл қаражат тікелей клуб жанындағы футбол орталығының жұмысын жақсартуға және жас таланттарды тәрбиелеуге жұмсалмақ.
Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтылған бұқаралық спортты дамыту және кәсіби клубтарды коммерцияландыру тапсырмасына толықтай сай келеді.
Әмір Қайратұлы тек акционер болып қана қоймай, клуб құрылымындағы маңызды жобалардың біріне жетекшілік етпек. Ол "Елімай” футбол орталығындағы белгілі бір жас ерекшелігіндегі команданың титулдық демеушісі атанды.
Кәсіпкер аталған команданың дамуын тікелей бақылап, олардың өсіп-өнуіне қолдау көрсететін жеке куратор мәртебесіне ие болды.