Соңғы уақытта Қазақстан футбол әлемінде Италия құрамасының бұрынғы жұлдызы, 2020 жылғы Еуропа чемпионы Лоренцо Инсиньенің “Қайратқа” келуі мүмкін деген ақпарат тараған болатын. Алайда, Алматылық клуб бұл қауесетті біржолата жоққа шығарды, деп хабарлайды Aladop.kz.
Агенттер ұсынысы және клубтың ұстанымы
Клуб ішіндегі дереккөздердің хабарлауынша, Италиялық шабуылшының агенттері оның қызметін “Сары-Қараларға” шынымен ұсынған. Бірақ “Қайрат” басшылығы бұл нұсқаны тіпті қарастыруға да ниет білдірмеген. Оның басты себебі — Инсиньенің кәсіби деңгейдегі жағдайы.
Лоренцо Инсинье мансабын 2009 жылы туған клубы “Наполиде” бастап, Италиялық А сериясының аңызына айналды.
Италия ұлттық құрамасының сапында 2020 жылғы Еуропа чемпионатының жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, 2014 жылғы Әлем чемпионатына және 2016 жылғы ЕУРО додасына қатысқан.
2022 жылы “Наполиден” кеткен соң, Лоренцо Инсинье МЛС-тегі “Торонто” клубында өнер көрсетіп, 2025 жылдың шілдесінде келісімшартын мерзімінен бұрын үзген болатын. Содан бері жарты жыл өтсе де, футболшы жасыл алаңға оралған жоқ. Оның үстіне, Инсинье кәсіби мансабын толықтай аяқтаған деп есептеледі. Сондықтан, жарты жыл бойы үлкен футболдан қол үзген ойыншының “Қайрат” сапына қосылуы мүмкін емес.